Қазақстан Грециямен бірлесіп тұрақты және мәдени туризмді дамытуда

858
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Грекия туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстанның Грек Республикасындағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекияның Туризм министрі Ольга Кефалоянимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растай отырып,  2018 жылы қол қойылған ведомствоаралық ынтымақтастық туралы Меморандумды жүзеге асыруды жандандыруға уағдаласты.

Қазақстан Елшісі Министрді еліміздің туризм саласын дамытудың басым бағыттарымен таныстырып, тұрақты және сапалы кірме туризмді дамытуға, шетелдік қонақтардың жайлылығын арттыру үшін цифрлық сервистерді енгізуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және Қазақстанды экологиялық, мәдени және қысқы туризм бағыты ретінде ілгерілетуге баса назар аударылатынын атап өтті. Грек азаматтарының Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне саяхаттауға деген қызығушылығының артып келе жатқаны да айтылды.

Кездесуде әуе қатынасын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар тікелей әуе рейстерін арттыру бастамасын қолдап, осы бағыттағы құзыретті органдар мен әуе тасымалдаушылары арасындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты. Сонымен қатар, қазақстандық азаматтар үшін визалық рәсімдерді одан әрі ырықтандыру өзара туристік сапарлардың өсуіне қосымша серпін беретіні аталып өтті.

Тараптар орта мерзімді перспективада жоғары деңгейдегі сапарларды үйлестіру, туристік компаниялардың қатысуымен іскерлік бағдарламаларды ұйымдастыру және салалық іс-шаралар күнтізбесін келісу мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты туристік әріптестікті нығайтуға бағытталған уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға дайын екендігін растады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -