ТҮРКСОЙ мен Қазақстан Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығын атап өтті

935
Фотосурет: Gov

Түркияда Тәттімбет Қазанғапұлының 210-жылдығы тойланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Елшілік пен Халықаралық Түркі мәдениеті ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен Анкарада Тәттімбет Қазанғапұлының 210-жылдығы аталып өтті.

Анкараның Етимесгут ауданында орналасқан ескерткішіне гүл қою рәсімінен кейін Халықаралық Түркі мәдениеті ТҮРКСОЙ ұйымы ғимаратында мәдени кеш өтті.

Жиынға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның бұрынғы мәдениет министрі, бұрынғы ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі әлемі архитекторлер және инженерлері ұйымының Бас хатшысы Ілияс Демирджи, дипломатиялық корпус, Анкарадағы қазақ диаспорасы және қазақ өнерінің жанашырлары қатысты.

Өз сөздерінде С.Раев: «Тәттімбеттің музыкасы – Түркі дүниесінің ортақ мәдени мұрасы» екенін айтып, Тәттімбеттің барша түркі әлемінің өнеріне қосқан үлесін назарға салды. Д.Қасейінов «Тәттімбет Қазанғапұлы тек күй шебері ғана емес, халқының жанын, тарихы мен сезімін домбыра арқылы жеткізген ұлы өнер иесі» екенін жеткізсе, Елші Е.Сәпиев «Бүгінгі кеш - тек музыкалық шара емес, бұл - рухани сабақтастықтың, ұлттық өнерге деген құрметтің, бабадан қалған аманатты дәріптеудің мерекесі», – деп мәлімдеді.

Іс-шарада Қазақстанның танымал өнер шеберлерінің бірі, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай мен «Қазақконцерт» солисі, жас өнерпаз Қайрат Айтбаев өнер көрсетті.

Бағдарлама аясында Қазақстандағы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық өнер университетінде жас таланттарды тәрбиелеп, дәстүрлі «шертпе күй» өнерін табысты жалғастырып келе жатқан белгілі өнер шебері, профессор Жанғали Жүзбай қазақ халық музыкасына және Түркі дүниесінің мәдениетіне қосқан үлесі үшін ТҮРКСОЙ медалімен марапатталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -