Өзбекстанда Халықаралық конгресс аясында отандық фильмдер көрсетілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ташкентте «Орталық Азия: ортақ рухани-ағартушылық мұра – ортақ болашақ» атты Халықаралық конгресс аясында Орталық Азия елдері мен Әзербайжан кино күндерінің салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шара Ұлттық киноөнер сарайында ұйымдастырылып, оған Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның ғылыми және мәдени орта өкілдері, өнер қайраткерлері мен жас көшбасшылары қатысты.

Бағдарлама аясында көрерменге қазіргі қазақстандық киноиндустрияның таңдаулы туындылары ұсынылды. Атап айтсақ, «Жамбыл. Жаңа дәуір» тарихи фильмі, прокатта бір миллиард теңгеден астам табыс жинаған «Qaitadan» драмасы, 2024 жылғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ерғали Шәмеев туралы қысқаметражды «Үміт сәулесі», сондай-ақ өміріндегі қиындықтарды еңбек пен жігердің күшімен еңсерген көкпаршы қыз Ева Жигалинаның өмірі негізінде түсірілген «Ева – Батыр қыз» көркем туындысы. Әр фильм өзбек көрерменінің ыстық ықыласына бөленіп, туындылардың мазмұны мен көтерілген тақырыптары жоғары бағаланды.
«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмі көрсетіліміне Өзбекстан Киноагенттігінің директоры Шухрат Ризаев арнайы қатысты. Ол режиссер Жандос Құсайыновтың еңбегін бағалап, оның кәсіби шеберлігін атап өтті. Сонымен қатар, ол режиссерді Қазақстан мен Өзбекстанның алдағы бірлескен жобаларына қатысуға шақырды.

Халықаралық конгресс бағдарламасы аясында қазақстандық режиссерлер «Өзбекфильм» студиясының павильондарын аралады. Айта кету керек, студияда түркі және араб киімдерінен бастап түрлі сауыттарға дейінгі реквизит пен костюм коллекциясы бар. Бұл тарихи жанрдағы жобалар үшін айрықша қызығушылық тудырды. Мұндай жұмыс сапарлары мамандарға бірлескен жобалардың егжей-тегжейін талқылауға, тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Осы арқылы елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері ашылады.
Сонымен бірге конгресс аясында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кино ұйымдарының басшылары қатысқан дөңгелек үстел өтті. Тараптар елдер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен киножобалардың әлеуеті, ұлттық киноны халықаралық деңгейде дамыту және киноөнер арқылы гуманитарлық байланысты нығайту мәселелерін талқылады.

Жиында ерекше назар копродукцияға қолайлы жағдай жасауғы, кәсіби тәжірибе алмасу мен Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы мәдени диалогты дамыту бағыттарына аударылды.