Ұланбатырда Абай Құнанбайұлының шығармаларынан көркем оқу кеші өтті

561
Фотосурет: Gov

Ұланбатыр қаласында «Абай мұрасы» атты қазақ поэзиясының мәдени кеші өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінде ұлы ақын, ойшыл және композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай мәдени кеш өтті. Іс-шараға қазақ диаспорасының өкілдері мен еліміздің бай мәдени мұрасына айрықша қызығушылық танытатын Қазақстанның достары қатысты.

Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов құттықтау сөзінде Абайдың шығармашылық және философиялық мұрасының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы, мәдениет пен білім беру жүйесін дамытудағы, сондай-ақ қазақ халқының рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайтудағы айрықша рөліне ерекше атап өтті.

Мәдени кеш аясында Абай шығармалары, оның көзқарастары мен идеялары жөніндегі білімді тереңдетуге бағытталған зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ұлы ойшылдың шығармаларынан көркемсөз оқу кеші өтіп, тыңдаушыларға оның поэзиясының тереңдігін, философиясының гуманистік мазмұнын және мұрасының қазіргі замандағы өзектілігін жаңаша қырынан ұғынуға мүмкіндік берді.

Аталған мәдени кеш Моңғолиядағы қазақ диаспорасы үшін маңызды оқиғаға айналды. Іс-шара отандастардың тарихи Отанымен байланысын нығайтуға, ұлттық дәстүрлер мен рухани мұраны шетелде сақтау мен насихаттауға үлес қосты, сондай-ақ Қазақстан мен Моңғолия арасындағы екіжақты қатынастардың ажырамас бөлігі болып табылатын мәдени диалогтың маңыздылығын айқындай түсті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -