Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі делегациясы 2025 жылғы 18 қарашада Страсбург қаласында өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттердің тобы (ГРЕКО) 101-Пленарлық сессиясының жұмысына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Делегацияны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов басқарды.
Пленарлық отырыс барысында Төраға орынбасары 2025 жылғы 30 маусымдағы Президент Жарлығына сәйкес жүзеге асырылған институционалдық реформаға кеңінен тоқталды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты әзірлеу кезінде Қазақстан ашық тәсілді қолданатынын, бұл процеске мемлекеттік органдарды, квазимемлекеттік секторды, сарапшылар қауымдастығын және азаматтық қоғамды тартатынын атап өтті.
Сонымен қатар, Салауат Мүксімов сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды тұрақты жетілдіріп отыру үшін Қазақстанның ГРЕКО-мен ынтымақтастығы аясында өзара бағалау қағидатын қолдануға әзірден дайын екенін жеткізді. Ол ГРЕКО ұсынымдарын әділдік институттары мен азаматтардың сенімін нығайту үшін маңызды бағдар ретінде қарастыратынына ерекше тоқталды.
Сессия аясында Еуропа Кеңесі Экономикалық қылмыстармен күрес және ынтымақтастық басқармасының басшысы Евгени Евгениевпен кездесу өтті. Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Еуропа Кеңесінің профильдік құрылымдары арасындағы ынтымақтастықтың ағымдағы деңгейі мен даму келешегін, соның ішінде ГРЕКО ұсынымдарын іске асыру, техникалық және сараптамалық қолдау мәселелері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру және уәкілетті органдардың әлеуетін күшейту бағыттарындағы бірлескен жобаларды талқылады.
Тараптар өңірлік және екіжақты ынтымақтастық аясында жүйелі диалогты жалғастыруға және жаңа бастамаларды бірлесіп әзірлеуге дайын екенін білдірді.