Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Үкімет үйінің ғимаратында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен елімізде ресми сапармен жүрген Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинянның кездесуі өтті.
Онда сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселесі қарастырылып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер қорытындысы бойынша қол жеткізілген қазақ-армян уағдаластықтарын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Сауда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп кооперациясы, көлік, цифрландыру, ғарыш индустриясы, туризм және мәдени-гуманитарлық жобаларға назар аударылды.
Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайтудың және екіжақты тауар айналымының қарқынды өсуін қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді. Соңғы бес жылда өзара сауда көлемі 2020 жылғы $14,2 млн-нан 2024 жылғы $82,8 млн-ға дейін алты есеге өсті. 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында тауар айналымы $41,6 млн-ды құрады. Осы бағыттағы одан арғы өзара іс-қимыл шеңберінде 2026-2030 жылдарға арналған тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасын іс жүзінде асыру, еркін және арнайы экономикалық аймақтарда бірлескен өндіріс ошақтарын құру, сондай-ақ «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің» сақтандыру құралдарын пайдалана отырып, іскерлік байланыстарға жәрдемдесу жайы талқыланды. Осылардың нәтижесінде қазақстандық металлургия, мұнай-химия және тамақ өнімдерінің қосымша экспорты шамамен $350 млн құрауы мүмкін.

Ауыл шаруашылығы саласы АӨК өнімдерін өзара жеткізуде үлкен әлеуетке ие. Тараптар Қазақстанның жоғары сапалы астығын Арменияға экспорттау перспективаларына да тоқталды. Сондай-ақ, маусымаралық кезеңде ішкі нарықты қолайлы бағамен қамтамасыз ету үшін Армениядан жаңа піскен жемістер мен ерте көкөністерді және жаңғақтарды импорттау жайы да қызығушылық тудырды. 2024 жылы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 7,7%-ға өсіп, $9,7 млн болған. Осы жылдың басынан бері бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,2%-ға ұлғайып, $9,2 млн-ды құрады.
Тараптар өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі дамытуды, машина жасау, металлургия, жеңіл өнеркәсіп және электротехникалық өнімдерді, оның ішінде аккумуляторлар мен трансформаторларды жеткізумен қатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруды талқылады – қазірдің өзінде 27 мыңнан астам бірлік экспортталды.

Ынтымақтастықтың ерекше перспективалары жеңіл өнеркәсіпте және шикізатты өңдеу мен дайын өнімді өндіру үшін бірлескен кәсіпорындар құруда байқалады.
Көлік-логистика саласы – тараптар Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ нарықтарының интеграциялануының жаңа мүмкіндіктерін, сондай-ақ автомобиль тасымалдарының динамикасын арттыру үшін Қазақстанда логистикалық орталықтардың ашылуын атап өтті.

Сонымен қатар цифрландыру және ғарыш саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. ЖИ және GovTech дамыту, IT-технологияларды экспорттау, технопарктерді кеңейту, білім беру бастамалары, мысалы, Астанада TUMO Ventures филиалының алдағы ашылуы, бақылау астрономиясы бойынша, оның ішіндегі негізгі басымдықтар – Ұлттық виртуалды обсерваторияны дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру.
Туризм саласы да айтарлықтай әлеует көрсетуде. Атап айтқанда, туристік ағындардың ұлғаюы, тау туризмінің дамуы, елдер арасында тікелей әуе рейстерінің ашылуы және ұшу географиясының кеңеюі. Тау туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан туристерді тарту орталығы және туристік саланы дамытудың маңызды элементі болатын әлемдік деңгейдегі жаңа курорт – Алматы тау кластерін жүзеге асыруға кірісті.

Кездесу соңында Премьер-министрлер Олжас Бектенов пен Никол Пашинян елдердің үкіметтері жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін бар күшін салатынын атап өтті.
Ресми сапар аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды.




