Самарқанда CITES COP20-ның 12 күндік бағдарламасы басталды

1089
Фотосурет: Gov

Самарқандта СИТЕС-тің 20-шы конференциясы ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

2025 жылғы 24 қарашада Самарқанд қаласында (Өзбекстан Республикасы) Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы конвенция (СИТЕС) тараптарының 20-шы конференциясының ресми ашылу рәсімі өтті. Ол биоалуантүрлілікті сақтау мен жабайы табиғат объектілерін сатуды реттеудің жаһандық тәсілдерін талқылау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушыларды біріктіреді.

Іс-шара СИТЕС Конвенциясының күшіне енуінің 50 жылдығына орайластырылды және 184 ел мен Еуропалық одақтан 3000-нан астам делегатты, соның ішінде мемлекеттік мекемелердің, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастықтың және үкіметтік емес сектордың өкілдерін жинады. Конференцияның басты назары биоәртүрлілікті сақтау жөніндегі жаһандық шараларды нығайтуға, құрып кету қаупі төнген түрлердің халықаралық саудасын реттеу тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

CITES COP20 ресми ашылуы пленарлық отырыстарды, Конвенцияның қосымшаларын өзгерту жөніндегі ұсыныстарды қарауды, жабайы табиғатты қорғау жөніндегі халықаралық шараларды нығайтуға бағытталған тақырыптық іс-шаралар мен жоғары деңгейдегі кездесулерді қамтитын 12 күндік мазмұнды бағдарламаға бастау берді.

Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев басқарды.

Конференция аясында Министр шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың делегацияларымен жоғары деңгейдегі бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Атап айтқанда, БАӘ Климаттың өзгеруі және қоршаған орта министрі, Амна бинт Абдулла Әл-Дахак ханыммен, ХАҚҚМ Бас директоры Гретель Агилар ханыммен, АҚШ Балық және жабайы жануарлар қызметінің директоры Брайан Несвик мырзамен, Жабайы табиғатты қорғау қоғамдары (WCS) Вице-президентімен, Сьюзан Либерман ханым, сондай-ақ ҚХР, Зимбабве, Чехия, Еуропалық Одақ, ЮНЕП делегацияларының басшыларымен кездесулер өткізілді.

Талқыланған мәселелердің ішінде - биоәртүрлілікті сақтау саласындағы, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктер дүниесі объектілерінің, олардың бөліктері мен дериваттарының заңсыз трафигіне қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықты күшейту. Бұдан өзге, Министр киік дериваттарының халықаралық саудасына (қазақстандық популяция үшін) нөлдік экспорттық квотаны алып тастау туралы Қазақстанның ұсынысын айтты және әріптестерін осы бастаманы қолдауға шақырды.

Сондай-ақ, «Самарқанд декларациясы: жабайы табиғатты заңсыз сатуға қарсы күресте өңірлік ынтымақтастықты дамыту» атты Қатар іс-шара шеңберінде Самарқанд декларациясы мен Іс-қимыл жоспарының ресми басталуы өтті. Министр Қазақстанның қабылданған міндеттемелерді орындауға және Орталық Азияның жабайы табиғатын қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бейілділігін растады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -