ЮНИДО: Қазақстан цифрландыру мен экологиялық технологиялар бағытындағы бастамаларын таныстырды

1210
Фотосурет: Gov

Министр Ерсайын Нағаспаев UNIDO Бас конференциясының 21-ші сессиясына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Эр-Риядта өткен UNIDO (Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму ұйымы) Бас конференциясының 21-ші сессиясына қатысты.

Конференциядағы сөзінде министр Ерсайын Нағаспаев ҚР Президентінің ұлттық экономиканы әртараптандыруға және терең өңделген өнімдер өндірісін басымдықпен дамытуға бағытталған реформаларының қарқынды ілгерілеуін атап өтті.

«Біздің еліміздің жоғары инвестициялық және табиғи ресурстық әлеуеті, ұлттық экономиканы цифрлық трансформациялауға деген ұмтылысымыз, экологиялық таза технологияларды енгізу, Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер мен Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын іске қосу және Астана хабының технологиялық экожүйесін қалыптастыру Қазақстанның жаңа жаһандық және өнеркәсіптік архитектурадағы стратегиялық маңыздылығын анықтайды» Ерсайын Нағаспаев 

Ерсайын Нағаспаев сондай-ақ UNIDO-мен бірлесіп жобалық қызметті одан әрі нығайтуға, соның ішінде Алматыда құрылған Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ аймақтық орталығы арқылы нығайтуға қызығушылық танытты.

Конференция аясында Қазақстан делегациясы бірқатар ресми және жұмыс кездесулерін өткізді. UNIDO бас директорының орынбасары және техникалық ынтымақтастық және тұрақты өнеркәсіптік даму жөніндегі атқарушы директоры Ционг Зоумен келіссөздер барысында тараптар smart өнеркәсіп, энергия тиімділігі және жаңартылатын энергия саласындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады.

Жұмыс кездесуі барысында Сауд Арабиясы Корольдігінің Өнеркәсіп және минералды ресурстар министрі және UNIDO 21-ші Бас конференциясының президенті Бандар Әл-Хорайеф Қазақстан тарапына қатысқаны үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайындықты білдірді. Тараптар бірлескен жобалардың болашағын, соның ішінде Қазақстанның тау-кен және металлургия секторына инвестиция тартуды талқылады.

Келіссөздер барысында Ерсайын Нагаспаев Сауд Арабиясының Өнеркәсіп министрін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қазақстанмен серіктестігін нығайтуға мүдделі бірқатар Сауд Арабиясының компаниялары қатысады деп күтілуде.

Одан бөлек, Тәжікстанның Өнеркәсіп министрі Шерали Кабировпен және Түрікменстанның Өнеркәсіп министрі Тойғұлы Нуровпен, сондай-ақ Сауд Арабиясының Ajlan Brothers холдингтік компаниясының басшылығымен келіссөздер жүргізілді.

UNIDO (United Nations Industrial Development Organization) – Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі, оның миссиясы мүше мемлекеттерде инклюзивті және тұрақты өнеркәсіптік дамуды ілгерілету және халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -