Адам капиталы Қазақстан экономикасының өсуінің негізгі факторына айналады – ЮНИСЕФ

1364
Фотосурет: ЮНИСЕФ

Балаларға салынған инвестиция Қазақстандағы жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні 2050 жылға қарай 14%-ға арттыруы мүмкін

ЮНИСЕФ-тің «Ұрпақ 2050: Орталық Азия» атты жаңа өңірлік талдауы Қазақстанның адами капиталды дамыту арқылы экономикасын одан әрі нығайтуға зор әлеуеті бар екенін көрсетеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сарапшылардың бағалауынша, балалар мен жастардың біліміне, денсаулығына және әлеуметтік әл-ауқатына салынған инвестициялар 2050 жылға қарай елдегі жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің қосымша 14 пайызға өсуін қамтамасыз ете алады.

Қазақстан адами капиталды дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді және әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту бағытында жұмысын жалғастыруда. Бүгінде ел қолайлы демографиялық жағдайда тұр: демографиялық жүктеме коэффициенті қазіргі уақытта 100 жұмыс істейтін адамға шаққанда 62 жұмыс істемейтін адамды құрайды, бұл экономикалық өсу үшін қосымша мүмкіндіктер жасайды. Жастар үлесінің басым болуы жаңа буынның тұрақты, бәсекеге қабілетті экономикасын қалыптастыруға жол ашады.

ЮНИСЕФ-тің жаһандық талдауы білім сапасын одан әрі арттыру инвестиция салу үшін ең перспективті салалардың бірі болып қала беретінін көрсетеді. Оқумен қамтудың жоғары деңгейіне қарамастан, PISA-2022 деректері 15 жастағы оқушылардың тек 36 пайызы ғана оқу сауаттылығының базалық деңгейіне жеткенін айғақтайды. Бұл көрсеткіш білім беру саласында құрылымдық реформалар жүргізіп жатқан елдердің деңгейіне жақын және өсу әлеуетін көрсетеді. Оқыту сапасын жақсарту, 2024 жылғы MICS нәтижелері бойынша бүгінде шамамен 68 пайызды құрайтын мектепке дейінгі білім беруге қолжетімділікті кеңейту және мұғалімдердің біліктілігін одан әрі арттыру жаңа ұрпақтың ұзақ мерзімді экономикалық үлесін айтарлықтай күшейте алады.

Жастар еңбек нарығының көрсеткіштері де тұрақтылықты көрсетеді. Ресми жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайызды құрайды — бұл өңірдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар, оқымайтын, жұмыс істемейтін немесе біліктілігін арттырумен айналыспайтын жастардың (NEET санаты) үлесі 6,5 пайызды құрайды. Есепте жұмыспен қамту бағдарламаларын дамыту, кәсіпкерлік үшін жаңа мүмкіндіктер ашу және инновациялық құзыреттерді ынталандыру Қазақстанға жастар әлеуетін одан да тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беретіні көрсетілген.

Денсаулық сақтау саласында Қазақстан тұрақты позициясын сақтап отыр. Ана мен бала өлімінің деңгейі — 100 000 адамға шаққанда сәйкесінше 10 және 9,3 — Орталық Азиядағы ең төмен көрсеткіштердің қатарында. Дегенмен, алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде, әсіресе тамақтану бөлігінде сапаны одан әрі арттыру қажеттілігі сақталуда. Бойдың өсуінің тежелуі (8 пайыз) және жүдеу (3,1 пайыз) көрсеткіштері, әсіресе климаттық және әлеуметтік өзгерістер контексінде, әлі де назар аударуды талап ететін деңгейде қалып отыр.

Есеп сондай-ақ осындай реформаларды қаржыландырудың тұрақты тетіктерін ұсынады. ЮНИСЕФ мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру, салықтық әкімшілендіруді цифрландыру, субсидиялардың тиімділігін арттыру және инновациялық құралдарды, соның ішінде әлеуметтік және жасыл облигацияларды дамыту қарыз жүктемесін арттырмай-ақ адами капитал жүйесін жаңғырту үшін қосымша ресурстарды қамтамасыз ете алатынын атап өтеді.

«Қазақстанның адами капиталды нығайтуға арналған айтарлықтай мүмкіндіктері бар. Қол жеткізілген табыстар берік негіз қалайды, ал алдағы қадамдар елдің демографиялық әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік береді. Балаларға салынатын стратегиялық инвестициялар — бұл тек әлеуметтік саясат қана емес, сонымен қатар елдің тұрақты экономикалық өсуінің қуатты құралы» ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі Рашед Мұстафа Сарвар

ЮНИСЕФ Қазақстан Үкіметіне «Қазақстан балалары – 2026–2030» ұлттық бағдарламасын іске асыру шеңберінде қолдау көрсетуді жалғастыруға, сондай-ақ балалар мен жастардың мүддесінде тұрақты дамуды нығайту және инновациялық шешімдерді енгізу үшін Орталық Азия елдері арасында тәжірибе алмасуға жәрдемдесуге дайын екенін растады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -