Қазақстан АТӨ аймағындағы әріптестерімен үшжақты және көпжақты ынтымақтастықты күшейтуде

1298
Фотосурет: KazAID

Қазақстан Азия-Тынық мұхиты өңірінің елдерімен дамуға ресми көмек саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде, деп хабарлайды DKNews.kz.

«KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің Басқарма Төрағасы Аркен Арыстанов бастаған қазақстандық делегация Таиландтың Бангкок қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің бас директорларының 7-ші форумына қатысты.

Іс-шараны БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты аймағына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ESCAP) Таиландтың халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (TICA) бірлесіп ұйымдастырды.

Форум аясында KazAID және TICA Таиландтың халықаралық даму агенттігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы құжатқа қол қою KazAID және TICA арасында халықаралық даму саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру және тәжірибелермен алмасу, оқыту және әріптес елдерде бастамаларды бірлесіп іске асыру үшін мүмкіндік туғызады.

Іс-шара барысында KazAID және TICA өкілдері одан әрі өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады, болашақ жобалардың бағыттарын айқындады және орнықты даму мүддесінде практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылысын растады.

Қол қою рәсімі БҰҰ ЭСКАТО атқарушы хатшысының орынбасары Шомби Шарпа және Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі Елшісі - БҰҰ ЭСКАТО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты Өкілі Марғұлан Баймұханның қатысуымен өтті.

Таиландтың Сыртқы істер министрлігі жанынан 2004 жылы 19 қазанда құрылған (TICA) Таиландтың халықаралық даму агенттігі дамушы мемлекеттерге арналған техникалық ынтымақтастық, гранттар, тренингтер мен алмасу бағдарламаларын қоса алғанда, елдің халықаралық көмегін үйлестіруге жауапты. Агенттік екіжақты, үшжақты және көпжақты ынтымақтастық модельдерін насихаттайды және Оңтүстік-Шығыс Азия, Оңтүстік Азия, Африка, Таяу Шығыс елдерімен және басқа серіктестермен белсенді жұмыс істейді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -