«Астана» симфониясы вьетнамдық көрерменнің зор ықыласын тудырды

1419
Фотосурет: Gov
Вьетнамда «Астана» симфониясы көрсетілді, деп хабарлайды DKNews.kz.

2025 жылғы 27 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Ханойда 4-ші Азия-Еуропа халықаралық жаңа музыка фестивалі өткізілді. Іс-шараны екі құрлықтың өкілдерінен тұратын ұйымдастыру комитеті, Вьетнам композиторлары одағы, жергілікті мемлекеттік органдар мен Ханой қалалық әкімшілігі бірлесе ұйымдастырды.

Фестивальда Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері және танымал композитор Төлеген Мұхамеджанов өзінің музыкалық туындысы – «Астана» симфониясын ұсынды. Гала-концерт Вьетнамның Ұлттық музыка академиясында өтті. Вьетнамдық қауым оны ерекше ынтамен және терең ризашылықпен қабылдады, сондай-ақ симфонияға халықаралық композиторлар ең жоғары бағаларын беріп, оң пікірлерін білдірді.

Халықаралық фестивальге Австралия, Бельгия, Вьетнам, Германия, Дания, Жапония, Испания, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Лаос, Ресей және Швейцариядан 30-дан астам композиторлар мен әртістер қатысты.

Фестиваль аясында композитор Төлеген Мұхамеджанов пен Қазақстанның Вьетнамдағы Елшісі Қанат Тумыш Вьетнамның Мәдениет, өнер және спорт министрінің орынбасары Хоанг Дао Кыонгпен, Вьетнам әдеби және өнер қоғамдары одағының төрағасы До Хонг Куанмен, Вьетнам өнер қауымдастығының президенті Лыонг Суан Доанмен және Вьетнам Ұлттық музыка академиясының басшылығымен кездесті.

Фестиваль қатысушылары Фу То және Хоа Бинь провинцияларына барды. Бұл ірі өңіраралық іс-шара Вьетнам үшін кәсіби музыка саласындағы маңызды оқиғаға айналды.

Фестиваль Азия мен Еуропа арасындағы мәдени көпір қызметін атқарып, классикалық музыкадағы жаңа үрдістерге қызығушылық танытқан вьетнамдық және халықаралық аудиторияны біріктірді.

Фестивальде ұсынылған «Астана» симфониясы Вьетнамда Қазақстанның Мемлекеттік егемендігінің 35 жылдығын және алдағы Тәуелсіздік күнін атап өту аясында маңызды іс-шара болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -