Будапештте Түркі мемлекеттері ұйымының диаспора институттары басшыларының отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мажарстан астанасында Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) министрлері мен диаспора институттары басшыларының 7-отырысы өтті.
Бұл жиын ТМҰ аясында Мажарстанда алғаш рет ұйымдастырылған жоғары деңгейдегі диаспоралық іс-шара болды. Кездесу Мажарстанның шетелдегі мажар қауымдастықтары жөніндегі мемлекеттік хатшысы Лёринц Начтың тең төрағалығымен өтті. Қазақстан тарапынан шараға «Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті Данияр Қадыров және Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы қатысты.
ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің атынан Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркияның өкілдері қатысты. Сондай-ақ жиынға ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев және ТМҰ-ның Будапешттегі кеңсесінің атқарушы директоры Балаж Хендрих қатысты.
Өз сөзінде Д. Қадыров диаспоралармен жұмыс істеудің гуманитарлық дипломатияның маңызды бағытына айналғанын атап өтті. Ғаламдық өзгерістер жағдайында диаспоралардың елдер арасындағы көпір ретіндегі рөлі артып келеді. Осыған байланысты ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Түркі елдерінің бірлігі - біздің ортақ болашағымыздың мүддесіне сай стратегиялық таңдау», - деген сөзін мысалға келтірді.
Қор басшысы «Отандастар» қызметінің басым бағыттарының бірі – шетелдегі этникалық қазақтармен және отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтып, дамыту екенін атап өтті. Сонымен қатар ол 2025 жылдың маңызды оқиғаларының бірі - 21 қараша күні Астанада өткен «Otandas Scholars Forum» атты ғалым-отандастар форумын атап өтті. Аталған іс-шараға 40-тан астам шетелдік ғалым және 100-ге жуық қазақстандық зерттеушілер қатысып, интеллектуалды диаспорамен ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми тәжірибе алмасуға және халықаралық байланыстарды дамытуға серпін берді.
Отырыс барысында түркі мемлекеттерінің диаспора құрылымдары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Тараптар диаспора институттарының ынтымақтастығын нығайту, жастар бағдарламалары мен стипендиялық бастамаларды дамыту, сондай-ақ мәдени және гуманитарлық жобаларды кеңейту жөнінде уағдаласты. Ерекше көңіл мемлекеттер арасындағы үйлестіруді күшейту мен тәжірибе алмасуды жүйелі түрде дамытуға бөлінді.

Сонымен қатар тараптар 2026 жылға арналған диаспора күн тәртібі бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын мақұлдады. Онда: ведомствоаралық үйлестіруді тереңдету; жастар бастамаларын дамыту және жас отандастардың қатысуын арттыру; бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыру; ТМҰ елдерінің жастарына арналған академиялық және білім беру мүмкіндіктерін кеңейту шаралары көзделген.