Қазақстан Оңтүстік Африка елдері мен Үнді мұхитының арал мемлекеттері өңірінде халықаралық гуманитарлық құқық қағидаттарына бейілділігін растады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстанның Оңтүстік Африка Республикасындағы Елшісі Еркін Ахинжанов Оңтүстік Африка елдері мен Үнді мұхитының арал мемлекеттері өңірінде халықаралық гуманитарлық құқықты (ХГҚ) ілгерілету жөніндегі 24-ші өңірлік семинардың жұмысына қатысты. Іс-шара «Соғыс жағдайында адамгершілікті сақтау: халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси міндеттемені күшейту» тақырыбында өтіп, Оңтүстік Африка Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің (ХҚКК) бірлесуімен ұйымдастырылды.
Семинарға ОАР СІМ Бас директорының орынбасары Муд Дломо, Преториядағы ХҚКК өңірлік делегациясының басшысы Жан-Николя Пак-Руле, БҰҰ-ның өңірлік құрылымдарының өкілдері, сондай-ақ ОАР-да аккредиттелген дипломатиялық корпус мүшелері қатысты.

Талқылаудың негізгі өзегінде 2024 жылы алты ел – Бразилия, Иордания, Қазақстан, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка – Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен бірлесіп іске қосқан халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси міндеттемені нығайту жөніндегі Жаһандық бастама болды.
Қазақстан Елшісі өз сөзінде халықаралық гуманитарлық құқықтың негізгі рөліне және оны сақтау үшін халықаралық саяси ерікті күшейту қажеттілігіне назар аударып, өсіп келе жатқан гуманитарлық сын-қатерлерге қарсы тұру мақсатында мемлекеттердің жаһандық бастама аясындағы күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

ОАР СІМ Бас директорының орынбасары халықаралық гуманитарлық құқық қағидаттарын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, Оңтүстік Африканың жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесіне тоқталды. Ол елдің халықаралқ қоғамдастықта алушы тарап емес, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінің белсенді қатысушысы әрі үлес қосушысы екенін атап өтті.
Қазақстан тарапының іс-шараға қатысуы елдің гуманитарлық қағидаттарды ілгерілетуге, халықаралық гуманитарлық құқықты нығайтуға және қарулы қақтығыстар жағдайында бейбіт тұрғындарды қорғауға деген берік бейілділігін айқын көрсетті. Сонымен қатар Қазақстан 2026 жылы жоспарланған Жаһандық бастаманың жоғары деңгейдегі кездесуі қарсаңында мемлекеттермен және халықаралық әріптестермен одан әрі ынтымақтастыққа дайындығын көрсетті.
