Венгрия мен түркі мемлекеттері гуманитарлық әріптестігін нығайтып келеді

495
Фотосурет: Gov

Қазақстан негізгі құқықтар саласындағы түркі–мажар ынтымақтастығы Мемориалының ашылуына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркі мемлекеттері мен Мажарстанның негізгі құқықтарды қорғау саласындағы ынтымақтастығын бейнелейтін Мемориалдың ресми ашылу рәсіміне қатысты.

Іс-шараны Мажарстан Конституциялық сотының судьясы, бұрынғы адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Акош Козма ұйымдастырды.

Рәсімге Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің елшілері, Мажарстан Энергетика министрлігінің мемлекеттік хатшысы Жолт Немет, сондай-ақ «Szombathely Forestry Ltd.» компаниясының өкілдері қатысты.

Іс-шараны аша отырып, Акош Козма Мемориалдың символдық маңызын, сондай-ақ 2023 жылы Мажарстанда өткен түркітілдес мемлекеттер омбудсмендерінің кездесуінде басталған бастамалардың жалғастығын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа ескерткіш алаңы диалог, достық және ортақ құндылықтарды нығайтудың кеңістігіне айналады.

Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы рәсімді ұйымдастырғаны үшін мажар тарапына ризашылығын білдіріп, Мемориал Түркі мемлекеттері мен Мажарстан арасындағы берік байланыстарды, ортақ құндылықтар мен құқықтық-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысты айқын бейнелейтіндігін атап өтті. Сондай-ақ қазақ-мажар қатынастарының оң қарқынды дамуына тоқтала келе, қазақ дипломаты Акош Козманың Қазақстанға бірнеше рет сапар жасап, кәсіби байланыстарды дамытуға қосқан жеке үлесін ерекше атап өтті.

Іс-шараның қорытындысында Елші негізгі құқықтар саласындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды гуманитарлық тірегі болып табылатынын атап өтіп, Мемориал екіжақты өзара іс-қимылды тереңдетудің тағы бір маңызды қадамы болатынына сенім білдірді.

Рәсім дәстүрлі лента қиюмен, мажар музыканттарының флейта мен тарогато аспаптарында орындаған әуендерімен, сондай-ақ сұңқармен аң аулау көрсетілімімен аяқталды.

Ескерткіш - биіктігі төрт метрлік емен колоннасынан тұрады. Оның бет қабатына дәстүрлі түркі өрнектері ойылып салынған. Композицияның жоғарғы бөлігін күннің, биліктің, қуат пен тәңірліктің нышаны саналатын алтын түсті қабыршақты тақтайшаны елестететін жылтыр мыс элементі толықтырады. Ал колоннаны біріктіріп тұрған екі элемент - өмірдің бастауы әрі жердің тіршілігін бейнелейтін су көзінің символдық образын көрсетеді.

Ескерткіштің айналасына түркі мемлекеттерін және Мажарстанды бейнелейтін ағаштар отырғызылды: Түркияны - кәдімгі емен, Әзербайжанды - анар ағашы, Түрікменстанды - грек аршасы, Өзбекстанды - шығыс чанары, Қырғызстанды - қара тұт, Қазақстанды - шығыс шыршасы, Мажарстанды - мажар емені таныстырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -