Қазақстан халықаралық қайырымдылық жәрмеңкесінде жарқын ұлттық стендін таныстырды

374
Фотосурет: Gov

Солтүстік Македония Президенті дипломатиялық қайырымдылық жәрмеңкесінде Қазақстан стендін тамашалады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Скопьеде Македон мәдени орталығының қолдауымен жыл сайынғы қайырымдылық жәрмеңкесі өтті.

Қазақстан Елшілігі түрлі кәдесый, кітап және аспаздық өнімдер ұсынды. Қазақтың зергерлік бұйымдары, киіз және кондитерлік өнімдері келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Жәрмеңке қонақтары бауырсақ, самса, ірімшіктен дәм татты.

«Kazakhstan: Born Bold» атты қазақстандық павильонның көрнекі орталығына домбыра, ұлттық тұрмыс заттары және алуан түсті этникалық костюмдер қойылып, олардың қасында іс-шараға қатысушылар естелік суреттерге түсу мүмкіндігіне ие болды. Жәрмеңке барысында көпшілікке Қазақстан туралы бейнероликтер көрсетілді.

Дәстүр бойынша жәрмеңкеде Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давкова түрлі елдердің мәдени алуандығымен танысты. ҚР Елшілігінің стендінде мемлекет басшысы ұлттық мәдениет бұйымдарына деген терең қызығушылығын білдірді. Қазақстанның Солтүстік Македониядағы Елшісі Сатыбалды Бұршақов ел басшысына мемлекетіміздің өнері және бай мәдени-тарихи мұрасы туралы ақпарат берді.

Қазақ дипломаттар және студенттермен әңгімелесу барысында Президент биыл мамыр айында Қазақстанға өткен сапарын жылы еске алып, Астананың мәдени нысандарымен танысудан алған терең әсерін атап өтті. Ол Қазақстан халқына және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілектерін жеткізді.

Жәрмеңке ұйымдастырушылары қазақстандық стендке бірауыздан жоғары баға беріп, іс-шараға қатысқаны үшін Елшілікке ризашылықтарын білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -