Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Қатар астанасында өткен Доха форумының жұмысына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Халықаралық беделді алаң саналатын форумға 162 елден 5000-нан астам қатысушы, соның ішінде мемлекет және үкімет басшылары, министрлер, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, академиялық топтар, бизнес қауымдастық өкілдері және үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
Биылғы форум «Іс-әрекеттегі әділеттілік: уәдеден прогреске» тақырыбында өтіп, әділеттіліктің дипломатия, орнықты даму және инклюзивті басқару арқылы жаһандық деңгейде ілгерілеу мәселелерін талқылауға арналды. Қатысушылар халықаралық жүйенің трансформациясы, жаңа дағдарыстар дәуіріндегі көпжақты ынтымақтастықтың рөлі және мемлекеттердің жауапкершілігін күшейту тетіктерін қарастырды.

Форум аясында Астана халықаралық форумы (AIF) ұйымдастырған «Көпір салушы орта державалар: жаһандық ынтымақтастықты қайта құру» атты арнайы сессиясы өтті. Іс-шара орта державалардың жаһандық дипломатиядағы рөлін күшейту, халықаралық шиеленістерді еңсеру үшін көпір салушы мемлекеттердің бірлескен әрекеттерін үйлестіру сияқты мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Форум шеңберінде Ә.Бақаев Қатар Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Ахмед Әл Хамадимен екіжақты келіссөздер өткізіп, Қазақстан мен Қатар арасындағы саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастардың барлық деңгейде серпінді дамып келе жатқанын атап өтіп, бұл прогресс Қазақстан мен Қатар басшылары арасындағы стратегиялық диалог пен саяси ерік-жігердің нәтижесі екенін жеткізді. Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асырудың маңызы аталып өтіп, стратегиялық серіктестікті жаңа сапалы деңгейге көтеру жолында бірлескен жұмысты жалғастыруға дайындық қуатталды.
Ә.Бақаев сонымен бірге Испанияның Сыртқы істер жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Диего Мартинеспен кездесті. Келіссөздер барысында саяси ынтымақтастық, экономика, мәдени-гуманитарлық байланыстар сияқты бағыттар бойынша Астана мен Мадридтің күн тәртібіндегі басты мәселелер қаралды. Сұхбаттасушы алдағы уақытта Қазақстанға сапар жасайтынын растап, екіжақты қарым-қатынастарды жан-жақты дамытуға ниетті екенін білдірді.

Сонымен қатар форум алаңында Министрдің орынбасары бірқатар халықаралық ұйымдардың және форумға қатысушы мемлекеттердің өкілдерімен бейресми пікір алмасып, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты, өңірлік қауіпсіздік, жаһандық сын-қатерлерге ортақ жауап қалыптастыру мәселелері бойынша ой бөлісті. Бұл байланыстар Қазақстанның халықаралық диалогқа белсенді қатысуы мен жаһандық бастамаларға қосқан үлесін көрсетеді.
Доха форумының жұмысына қатысу Қазақстанның халықаралық аренадағы ашықтығы мен белсенді позициясын, сондай-ақ жаһандық тұрақтылық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұстанымын тағы бір мәрте айқындады.