Пекинде Қазақстан мен Қытайдың даму стратегияларын үйлестіру мәселесі талқыланды

1177
Фотосурет: Gov

Қазақстанның мәдениет орталығында «Қазақстанның достары клубының» 8-ші отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шараға Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшілері, мемлекеттік органдардың, Орталық Азия өңірі бойынша маманданатын академиялық орта мен бейіндік зерттеу институттарының өкілдері қатысты.

Отырысқа қатысушылар Қазақстанның өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі, екіжақты ынтымақтастықтың маңызды үрдістері мен өсімінің жаңа белгілері туралы мазмұнды пікір алмасты. Дамудың ұлттық стратегияларының ұштасуы, Қазақстанның өңірлік және халықаралық бастамаларға қатысуы, сонымен бірге екі елдің сарапшылары арасындағы диалогты одан әрі нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев өзінің сөзінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан негізгі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға кешенді шолу жасады. Ол мемлекеттік басқаруды жаңғырту, мемлекеттілік институттарын нығайту және «Әділ Қазақстанды» құру Қытайды қоса алғанда, сыртқы әріптестермен ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін сапалы жаңа негіз қалыптастарын атап өтті.

Елші Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты  стратегиялық әріптестіктің тұрақты әрі кешенді дамуын атап өтіп, екіжақты қарым-қатынастардың серпініне егжей-тегжейлі тоқталды. Ол сауда, инвестициялар, өнеркәсіптік кооперация, энергетикадағы ынтымақтастық, көліктік-логистикалық өзара байланыстарды және мәдени-гуманитарлық алмасуларды дамыту сияқты негізгі бағыттарға ерекше көңіл бөлді.

Ш.Нұрышев ағымдағы жылы жоғары деңгейде бірқатар жемісті сапарлар өткенін және олардың нәтижесінде өзара іс-қимылдың ұзақ мерзімді бағдарлары айқындалғанын және екі елдің стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ынталы екенін растағанын атап өтті.

Отырыста сөз сөйлегендер, соның ішінде Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшілері ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынасты қалыптастыру мен дамытудағы рөлін және ерекше үлесін, Қазақстанның сыртқы саясаттағы бағдарының бірізділігін, сондай-ақ Астана мен Бейжің арасында сақталған жоғары деңгейлі саяси сенімді жоғары бағалады. Олар Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы маңызды серіктесі екенін, ал екі ел арасындағы ынтымақтастық өңірдің тұрақты дамуына елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

«Қазақстанның Қытайдағы достары Клубы» қазақ дипломаттары, ҚХР мемлекеттік органдары мен Орталық Азия бойынша жетекші қытай мамандары арасында тұрақты пікір алмасуға арналған сараптамалық алаң болып табылады. 2015 жылдан бері өткізілетін Клуб отырыстары өзекті ішкі саяси, экономикалық және өңірлік процестерді, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты және көпсалалы ынтымақтастықтың жағдайы мен келешегін талқылауға арналған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -