Қазақстан мен Жапония архивтері цифрлық ынтымақтастық туралы уағдаласты

1111
Фотосурет: archive.president.kz

ҚР Президентінің Архиві мен Жапонияның Ұлттық архивтері меморандумға қол қойды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Жапония Ұлттық архивтері (NAJ) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат екі мекеме арасындағы архив саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған. Атап айтқанда, кәсіби тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, архивтерді цифрландыру бағытындағы ынтымақтастық, сондай-ақ архившілер мен құжаттанушыларға арналған ортақ семинарлар, вебинарлар мен конференциялар ұйымдастыру көзделген.

Меморандумға ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен Жапония Ұлттық архивтерінің президенті Каору Камата қол қойды. Қол қою рәсімі Жапония Ұлттық архивтерінің Токио қаласындағы ғимаратында өтті.

Кездесу барысында Әлия Мұстафина жапон әріптестерге ҚР Президенті Архивінің қызметі туралы айтып, құжаттық мұраны сақтау, цифрлық архивтік қызметтерді дамыту және ғылыми зерттеулерді қолдау саласындағы тәжірибесімен бөлісті.

«Жапонияның Ұлттық архивтерімен ынтымақтастық біз үшін аса маңызды. Бұл меморандум кәсіби тәжірибе алмасуға және ортақ бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жапония архивтерінің тәжірибесі Қазақстанда Мемлекет басшысының қолдауымен жүргізіліп жатқан өзгерістермен үндес деп санаймын» Әлия Мұстафина

Жапония тарапы да архив саласындағы өзгерістер туралы ақпарат берді. Каору Камата Жапонияда соңғы жылдары архив жүйесінде азаматтар мен зерттеушілер үшін қолжетімділікті арттыруға бағытталған реформалар жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, ол Ұлттық архивтердің жаңа ғимаратын ашуға дайындық және құжаттарға қолжетімділікті жеңілдететін сервистерді дамыту жоспарымен таныстырды.

Жапония Ұлттық архивтерінде де, ҚР Президентінің Архивіндегідей, қоғамдық маңызы бар құжаттарды сақтау, оларды ғылыми айналымға енгізу және архивтердің ашықтығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Айта кетейік, екі архив арасындағы ынтымақтастық 2024 жылдан бері дамып келеді. Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Президентінің Архиві делегациясы Токио қаласына тағылымдамаға барған. Ал 2025 жылдың қаңтарында архив қызметкерлері жапон тарапының шақыруымен қағаз құжаттарды қалпына келтіру бойынша халықаралық семинарға қатысты.

Кездесу соңында Әлия Мұстафина жапон әріптестерін 2026 жылы Астана қаласында өтетін «Digital Archive EXPO» тақырыбындағы III архившілер конгресіне қатысуға шақырды.

Бүгінде Президент Архиві халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән береді. Қазіргі таңда Архив өзге мемлекеттердегі 20-дан астам ұйыммен меморандумға қол қойған. Алдағы уақытта да шетелдік әріптестермен кәсіби тәжірибе алмасу жұмыстары жалғасын табады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -