Қытай «ортақ тағдыр қауымдастығын» қалай құрып жатыр: бұл үдерісте Қазақстанның рөлі қандай

DKNews.kz үшін дайындалған эксклюзивті мақалада ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин Қытайдың тату көршілік саясатын қалай қалыптастырып жатқанын, көрші мемлекеттермен «ортақ тағдыр қауымдастығын» құру идеясын қалай ілгерілетіп отырғанын және осы стратегияда Қазақстанның қандай орын алатынын - сенімді серік, жақын дос және өңірлік дамудың маңызды буыны ретінде - тарқатып айтады.

Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің 20-шақырылымдағы таяуда өткен 4-пленумында «Халық шаруашылығы мен әлеуметтік дамудың он бесінші бесжылдық бағдарламасын әзірлеу жөніндегі ұсыныстар» қаралып, қабылданды. Құжатта көршілес елдермен даму интеграциясын тереңдету, ортақ қауіпсіздікті нығайту, стратегиялық өзара сенімді арттыру және көршілес мемлекеттермен ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыру қажеттігі атап өтіледі. Қытайда «Жақын көрші - алыс туыстан артық» деген мақал бар, ал өз табалдырығында тыныштық орнағанда ғана тұрақты даму мүмкін болады. Мемлекет төрағасы Си Цзиньпин атап өткендей, көршілес елдер - Қытайдың ұлттық дамуы мен өркендеуінің өмірлік маңызды негізі. Аймақтық жағдай мен ғаламдық өзгерістердің тығыз байланысы жағдайында Қытай көрші мемлекеттірмен ортақ тағдыр қауымдастығын белсенді түрде қалыптастырып, әлемдік дамуға жаңа серпін беріп, ұлы держава ретіндегі жауапкершілігін көрсетіп келеді.

«Баршаға ортақ сүйіспеншілік» арқылы тату көршілікті нығайту - ортақ тағдыр жолымен бірге жүру

Ашықтық, инклюзивтілік, жалпы игілік, теңгерім мен өзара пайда - көршілес елдермен ортақ тағдыр қауымдастығын құрудың басты шарттары. Суық соғыс дәуірінің ойлау жүйесінен және «нөлдік қосынды» логикасынан бас тартқанда ғана көршілес мемлекеттердің дамуы арқылы ортақ істі ілгерілетуге және жаһандық басқарудың анағұрлым әділ әрі қисынды жүйесін қалыптастыруға болады.

Бүгінгі таңда Қытай 17 көрші елмен ортақ тағдыр қауымдастығын құру жөнінде ортақ түсіністікке қол жеткізді, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында 25 мемлекетпен ынтымақтастық келісіміне қол қойды және 18 елдің ең ірі сауда серіктесі болып отыр. Қытайдың Орталық Азияның бес елімен өзара іс-қимылы «үш толық қамту» міндеті негізінде жүзеге асуда: жан-жақты стратегиялық әріптестікті толық қамту, «Бір белдеу, бір жол» аясындағы құжаттарға қол қоюды толық қамту және ортақ тағдыр қауымдастығын құру бастамасын іске асыруды толық қамту.

ҚТЖ баспасөз қызметінің архиві

Сонымен қатар, әлем соңғы ғасырда бұрын-соңды болмаған ауқымдағы жедел өзгерістер кезеңіне аяқ басты. Жаһандық Оңтүстіктің ұжымдық көтерілуі осы үдерістердің ең жарқын көрінісі болып, жаңа дәуірдің жаңа тарихи миссиясына айналды. Ұсыныстарда Жаһандық Оңтүстіктің елдеріне ортақ әрі дербес дамуды қолдау, сыртқы көмектің ауқымын кеңейту және халықаралық қоғамдық игіліктерді көбірек ұсыну қажеттігі айқын көрсетілген.

Қытай - Оңтүстікте дүниеге келіп, сонда тамыр жайған және онымен берік байланысқан мемлекет. Ол 160-тан астам елге даму мақсатында көмек көрсетіп, 1100-ден аса жобаны жүзеге асырды, осылайша Жаһандық Оңтүстіктің дамуы мен жаңғыруына нақты серпін берді. Қытай мен Орталық Азияның бес елі - Жаһандық Оңтүстіктің табиғи мүшелері әрі модернизация жолындағы серіктестер. Олар жаңа дәуір әкелген сын-қатерлерге бірлесе төтеп бере отырып, ұлттық даму стратегияларын үйлестіруді одан әрі нығайтатын болады.

«Бір кеме ішінде» қауіпсіз көршілікті көздеу - қиындықтарды бірге еңсеру

Қазіргі халықаралық қауіпсіздік ахуалы барған сайын күрделене түсуде: ірі державалар арасындағы қарама-қайшылықтар ушығып, геосаяси қақтығыстар жиілеп барады, популизм мен экстремизм қайта байқалуда, ал алдын ала болжауға да, болжауға келмейтін де жаһандық тәуекелдер айтарлықтай көбейді. Осындай жағдайда әртүрлі қатерлер мен сын-тегеуріндерді тиімді басқару және шекаралас өңірлердегі жалпы тұрақтылықты қамтамасыз ету - көршілес мемлекеттермен ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастырудың негізгі шарттарының біріне айналып отыр.

Көршілес аймақтарға арқа сүйей отырып, Қытай қазіргі әлемдегі бейбітшілік, даму, қауіпсіздік және басқару тапшылығын еңсеруге ұмтылады. Си Цзиньпин Азия халықтарының ежелден бері бейбітшілік дәстүрін қастерлейтінін, осының арқасында өңір бейбіт қатар өмір сүрудің бес принципінің бесігіне айналғанын атап өтті.

Қытай мен Орталық Азияның бес елі өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға қатысты маңызды саяси консенсусқа қол жеткізді. Биыл өткен «Қытай - Орталық Азия» екінші саммитінде алты мемлекет «Астана декларациясына» қол қойып, «Қытай - Орталық Азия рухын» қалыптастырды және негізгі мүдделерді қорғау мәселелерінде өзара түсіністік, құрмет пен қолдау білдірді.

Алты ел де «зұлымдықтың үш күшіне» (терроризм, экстремизм, сепаратизм), сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа бірлесе қарсы күресуге, қауіпсіздік қатерлеріне қарсы іс-қимылдарды үйлестіруге, Ауғанстанда бейбітшілік орнатып, тұрақтылық пен дамуды қалпына келтіруге жәрдемдесуге ниетті екенін растады. Осылайша бейбітшілікке, тұрақтылыққа және ортақ тағдырға негізделген өңірлік қауіпсіздік жүйесі қалыптасуда.

«Бәріміз бір кеме ішіндеміз» қағидатын ұстана отырып, Қытай көршілес мемлекеттермен бірге дағдарыстарды еңсеріп, қиындықтарды бөлісіп, өзгермелі жағдайға бейімделіп, дамудың жаңа көкжиектерін ашуда.

«Ортақ пайда» қағидаты - көрші елдердің өркендеуіне жәрдем, әлем үшін үйлесім мен игілік

Си Цзиньпин бұрын Қытайдың ашықтық саясаты «қуып жету» сипатында болғанын, ал қазір оның «алға бастайтын» сипатқа ие болып, неғұрлым жоғары деңгейдегі ашықтықты білдіретінін атап өтті. «Қуып жетуден» «лидерлікке» көшу - жаңа дәуірдегі Қытайдың жоғары деңгейдегі сыртқы ашықтығының жаңа миссиясы мен көкжиегін айқын көрсетеді және Қытайдың ірі держава ретіндегі жауапкершілігін толық паш етеді.

Ұсыныстарда «институционалдық ашықтықты бірте-бірте кеңейту, көпжақты сауда жүйесін қорғау және халықаралық экономикалық айналымды дамыту» қажеттігі атап өтілген. Құжат жоғары деңгейдегі ашықтықты ілгерілету жөніндегі нақты жол картасын белгілеп, Қытайдың көрші елдерге айтарлықтай оң сыртқы экономикалық әсерлерді әрі қарай бағыттауға деген саяси ерік-жігері мен саналы талпынысын айқын көрсетеді.

Экономикалық жаһандану толқынын тоқтату мүмкін емес, ал жекелеген протекционистік көріністер - оның аясындағы болмашы толқындар ғана. Технологиялық инновациялар, цифрлық экономика немесе «жасыл» трансформация сияқты алдыңғы қатарлы салаларда ешбір ел мүлдем өтпейтін бөгет қоя алмайды. «Бір гүл көктем әкелмейді, көктем - барлық гүлдер ашылғанда келеді». Қандай жағдай өзгерсе де, Қытай даму мүмкіндіктерін бірге бөлісу бағытын берік ұстанады.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында салынған ірі жобалар - «Қытай - Қырғызстан - Өзбекстан» теміржолы, «Қытай - Қазақстан» автожолы, Ляньюньгандағы қытай-қазақ халықаралық логистикалық базасы - сәтті жүзеге асырылып, Орталық Азияда нақты нәтижелер беріп отыр.

Халықтың әл-ауқатына бағытталған «шағын, бірақ сапалы» жобалар жаңа ынтымақтастық формаларын иеленіп, көрші елдердің барған сайын көп тұрғынына пайда әкелуде. Мүдделерді ұштастыру, бірлескен даму және өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету арқылы Қытай көпжақты сауда жүйесін және жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын сақтаудың жаңа тәсілдерін ұсынып, көрші мемлекеттер арасындағы өңірлік өзара іс-қимылдың практикалық әрі тиімді жолын қалыптастырып келеді.

Болашаққа жол

Шығыс көкжиекте таң атып келеді - ашылып жатқан көрініс ерекше қолайлы. Қазақстан - Қытай үшін игі көрші, сенімді серік және ортақ таулар мен өзендер, сондай-ақ тығыз өзара тәуелділік байланыстырып тұрған жақын дос. Ол көрші елдермен ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыру ісіндегі маңызды буын болып табылады.

Соңғы жылдары Си Цзиньпин мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке стратегиялық жетекшілігінің арқасында Қытай–Қазақстан қатынастары жаңа, биік деңгейлерге дәйекті түрде көтерілуде.

Тарихи өткел - өткен мен болашақты түйістіріп тұрған сәтте - Қытай тарап Қазақстанмен бірге, мемлекет басшылары дипломатиясының жетекшілігімен саяси өзара сенімді нықтай отырып, даму стратегияларын ұштастыруды жеделдетуге және осылайша екіжақты қатынастар мен өңірдегі ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастырудың жаңа көкжиектерін ашуға әзір екенін білдіреді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -