Португалиядағы Қазақстанның Елшісі Жан Ғалиев Португалия Республикасының Ассамблеясындағы Сыртқы істер және шетелдегі португалдық қауымдастықтар жөніндегі комиссияның төрағасы Жузе Сезариумен кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстандағы реформалар мен екі ел арасындағы серіктестікті кеңейту мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақ дипломаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан жаңғырту реформалары туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, бұл өзгерістер мемлекеттік институттарды күшейтуге, экономиканы дамытуға және бизнес пен азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Тараптар Қазақстан мен Португалия арасындағы ынтымақтастықты алға бастыра алатын негізгі бағыттарды сөз етті. Атап айтқанда:
- ауыл шаруашылығы мен агроиндустрия,
- туризм мен спорт,
- көлік және логистика,
- цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект,
- су ресурстарын басқару,
- білім беру және гуманитарлық жобалар.
Жан Ғалиев Қазақстанның парламенттер арасындағы диалогты жандандыруға және депутаттар арасындағы байланыстарды кеңейтуге дайын екенін атап өтті.
Өз кезегінде Жузе Сезариу Қазақстандағы өзгерістерге қызығушылық танытып, халықтар арасындағы жақындасу идеясын қолдады. Ол мәдени және гуманитарлық алмасулар адамдарды жақындастырып, өзара сенімді арттыратынын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар парламенттік дипломатия әлеуетін пайдалана отырып, өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Сондай-ақ Жузе Сезариу жақын уақыт ішінде Португалия Республикасы Ассамблеясының депутаттар тобымен бірге Қазақстанға сапарлауға дайын екенін білдірді.