Жаһандық қаржы нарықтары маңызды шешімдер қарсаңында сақтық режиміне өтті. Инвесторлар бір мезгілде екі негізгі факторға назар аударып отыр - АҚШ-тағы жұмыспен қамту жөніндегі есеп пен АҚШ Жоғарғы соты президент Дональд Трамп енгізген тарифтерге қатысты қабылдайтын шешімі. Осы оқиғалардың нәтижесіне қарай нарықтағы құбылмалылық айтарлықтай артуы мүмкін, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы дерегінше, қазіргі таңда инвесторлар белсенді әрекеттен гөрі күтуді жөн көріп, тәуекелді активтерге деген қызығушылықты шектеп отыр.
Валюта нарығы: теңге нығайды, бірақ сауда бәсеңдеді
Бейсенбі күні USDKZT бағамы төмендеп, 1 доллар үшін 508,96 теңге деңгейінде қалыптасты. Теңге бір күнде 3,14 теңгеге нығайды. Алайда сауда көлемі айтарлықтай азайып, 205,6 млн долларды ғана құрады (-174,9 млн).
Ұлттық валютаны қолдаған негізгі факторлар:
- мұнай бағасының өсуі,
- Қазақстан Ұлттық банкінің валюта сату операциялары,
- квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді конвертациялауы,
- шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына қаражат салуын жалғастыруы.
Бүгін нарық қатысушылары әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарлары бағасының индексіне назар аудармақ.
Ақша нарығы: өтімділік артып келеді
Ақша нарығындағы индикативті мөлшерлемелер базалық мөлшерлеме дәлізінің төменгі шегіне жақын сақталды:
- TONIA - 17,0%,
- SWAP-1D - 9,25%.
Ұлттық банктің депозиттік аукционында сұраныс 1,6 трлн теңгеге дейін қысқарғанымен, толық көлемде 18,0% жылдық мөлшерлемемен қанағаттандырылды. Ашық позиция көлемі 6,9 трлн теңгеге дейін өсіп, жүйеде өтімділік профициті сақталып отырғанын көрсетеді.
Қор нарығы: өсім бар, бірақ белсенділік төмен
Бейсенбі күні KASE индексі 0,7%-ға өсіп, 7 219,7 пунктке жетті. Дегенмен сауда көлемі 1,8 есе азайып, инвесторлардың сақтығын аңғартты.
Индекске қолдау көрсеткен негізгі қағаздар:
- Kaspi акциялары (+4,1%) - тартымды бағалар мен бизнес өсіміне деген күтулер аясында;
- Казатомөнеркәсіп (+2,0%) - уранға жаһандық сұраныс өседі деген болжам есебінен.
Мұнай: геосаяси тәуекелдер қайтадан бағаға әсер етті
Мұнай бағасы бір баррель үшін 62 долларға дейін өсті (+3,4%). Нарық геосаяси тәуекелдерді қайтадан есепке ала бастады.
Негізгі факторлар қатарында:
- Венесуэлаға қатысты белгісіздік,
- Ирандағы наразылықтар мен интернеттің жаппай бұғатталуы,
- Ирак үкіметінің Батыс Курна-2 кен орнындағы операцияларды ұлттандыруға дайындық жасауы.
Экспорт бірден қысқармаса да, мұндай қадамдардың өзі мұнай жеткізілімдеріне қатысты алаңдаушылықты күшейтті.
Тәуекелді активтер: АҚШ статистикасы мен сот шешімі күтілуде
АҚШ қор индекстері негізгі деректер қарсаңында -0,4% пен +0,01% аралығында ғана құбылды. Инвесторлар желтоқсан айындағы жұмыспен қамту туралы есепті күтіп отыр.
Dow Jones сауалнамасына қатысқан экономистердің болжамы бойынша:
- ауыл шаруашылығынан тыс жұмыс орындары 73 мыңға артады,
- жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ға дейін төмендейді.
Сонымен қатар АҚШ Жоғарғы сотының тарифтерге қатысты шешімі елдің сауда саясаты мен бюджетіне тікелей әсер етуі мүмкін.
Осы фонда қорғаныс секторындағы компаниялардың акциялары өсті. Дональд Трамптың АҚШ-тың 2027 жылғы әскери бюджеті 1,5 трлн доллар болуы тиіс деген мәлімдемесінен кейін Northrop Grumman, Lockheed Martin және General Dynamics қағаздары 2-4,5% аралығында қымбаттады.
Қорғаныс активтері: алтынға сұраныс артты
Геосаяси тәуекелдердің күшеюі аясында инвесторлар «қауіпсіз айлақтарға» бет бұрды:
- алтын бағасы бір унция үшін 4 485 долларға жетті,
- доллар индексі 98,9 пунктке нығайды,
- АҚШ-тың 10 жылдық облигацияларының кірістілігі 4,18%-ға көтерілді.
Бұл динамика нарықтың инфляция, пайыздық мөлшерлеме және геосаясатқа қатысты күтулерін қайта бағалап жатқанын көрсетеді.
Алдағы күндер нарық үшін шешуші болуы мүмкін. АҚШ-тағы жұмыспен қамту деректері мен тарифтерге қатысты сот шешімі жаһандық қаржы нарықтарының бағытын айқындап, теңге, мұнай және қор нарығына да әсер етуі ықтимал.
Қазіргі таңда инвесторлар тәуекелге бармай, жағдайдың қалай өрбитінін күту тактикасын таңдаған.