Ақорда резиденциясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Салтанатты рәсім барысында АҚШ елшісі Джули Стаффт пен Болгария елшісі Георги Воденски өздерінің дипломатиялық миссиясын ресми түрде бастады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Рәсім тек протоколдық шарамен шектелмей, Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағыттарын тағы бір мәрте айқындап берді.
Қазақстан – Болгария: серпін алған әріптестік
Болгария елшісіне сөз арнаған Мемлекет басшысы Болгария Президенті Румен Радевке сәлем жолдап, оның өткен жылы Қазақстанға жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынастардың дамуына айтарлықтай серпін бергенін атап өтті.

– Біз Сіздің тамаша еліңізбен одан әрі ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. Саяси салада да, экономикада да өзара байланыстарды кеңейту үшін бар күшімізді саламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Болгариямен әріптестік Еуропа бағытындағы диалогты нығайту тұрғысынан да маңызды.
Георги Петров Воденски – Болгария Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі
1975 жылғы 11 мамырда Болгарияның София қаласында дүниеге келген. Софиядағы Әулие Климент Охридский атындағы университетті тәмамдаған. Түркология бакалавры және саясаттану магистрі дәрежесіне ие.
Еңбек жолын 2003 жылы Болгария Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қатынастар департаментінде қызметкер ретінде бастаған. 2005-2012 жылдары Эдирне қаласындағы (Түркия) Болгарияның Бас консулдығында үшінші хатшы, вице-консул қызметтерін атқарған.
2012-2018 жылдары Болгарияның Грузиядағы Елшілігінде саяси және мәдени мәселелер жөніндегі екінші хатшы, консулдық қызметінің басшысы болған.
Болгарияның Қазақстандағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2018-2023 жылдары Болгария СІМ Консулдық қатынастар департаментінің директоры лауазымын атқарған.
Ағылшын, түрік, румын және орыс тілдерін меңгерген.
АҚШ-пен стратегиялық серіктестік сақталады
Қазақстан–АҚШ қатынастарына тоқталған Мемлекет басшысы Джули Стаффтпен әңгіме барысында өзінің өткен жылдың қараша айында АҚШ-қа жасаған сапарының маңызын еске салды.

– Президент Дональд Трамппен достық әрі мазмұнды әңгіме болды. Жақында біз екіжақты ынтымақтастыққа қатысты көптеген мәселелерді қамтыған нәтижелі телефон арқылы сөйлесу өткіздік, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-та өтетін G20 саммитіне шақырту алғаны үшін алғыс білдіріп, Қазақстан стратегиялық әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

– Біз өзара серіктестікті көптеген салада қолдап, одан әрі дамыту үшін барымызды саламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Джули Стаффт – Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Елшісі
1975 жылғы 18 қыркүйекте АҚШ-тың Огайо штатында дүниеге келген. Case Western Reserve университетін және Дьюк университетін тәмамдаған. Экологиялық менеджмент саласы бойынша магистр дәрежесіне ие.
Еңбек жолын 1999 жылы АҚШ Мемлекеттік департаментінде тағылымдамадан өтуші ретінде бастаған. 2002-2006 жылдары АҚШ-тың Польша мен Эфиопиядағы елшіліктерінде саяси және консулдық бөлімдердің қызметкері ретінде жұмыс істеді. 2006-2008 жылдары АҚШ Мемлекеттік департаментінің Атқарушы хатшылығы мен Консулдық істер бюросында қызметші болған.
2009-2012 жылдары АҚШ-тың Ресейдегі Елшілігінің виза бөлімінің басшысы қызметін атқарған. 2012-2014 жылдары АҚШ-тың Джибутидегі елшісінің орынбасары, ал 2015-2018 жылдары АҚШ-тың Молдовадағы елшісінің орынбасары болған.
2018-2020 жылдары АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде директор, аға директор, ал 2020-2021 жылдары АҚШ Мемлекеттік департаментінің Консулдық істер бюросында атқарушы директор лауазымдарын атқарған.
2021-2025 жылдары – АҚШ Мемлекеттік департаментінің Консулдық істер бюросында Мемлекеттік хатшы көмекшісінің орынбасары, Мемлекеттік хатшы көмекшісінің бірінші орынбасары.
АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2025 жылы АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде атқарушы хатшы қызметін атқарған.
Румын, орыс, поляк, француз және жапон тілдерін меңгерген.
Дипломатиялық миссияның ресми басталуы
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Болгарияның жаңа елшілерін дипломатиялық миссиясының ресми басталуымен құттықтап, олардың мемлекет басшыларына ізгі тілектерін жеткізді.

Ақордадағы бұл рәсім Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатты жалғастырып, әлемдік және аймақтық серіктестермен ашық әрі прагматикалық диалогқа дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті.
