2025 жылы әлемдік экономика $117 трлн көлеміне жетіп, бұрынғыдан да айқын құрылымға ие болды. The Economist деректеріне сүйенген ірі визуализация қай елдердің алда келе жатқанын, қайсысының қарқыны баяулағанын және жаһандық өсімнің қай бағытқа ауысып жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
2025 жылы АҚШ, Қытай және Германия ЖІӨ көлемі бойынша әлемдегі ең ірі экономикалар болып қала береді.
АҚШ алшақтықты күшейтті
АҚШ әлемдегі ең ірі экономика мәртебесін сақтап отыр. 2025 жылы елдің ЖІӨ көлемі $30,6 трлн деп бағаланады. Бұл көрсеткіш Қытай, Германия және Жапонияның жиынтық ЖІӨ-сінен де жоғары. Биыл АҚШ экономикасының өсімі шамамен 2% болады деген болжам бар.

Соңғы 25 жылда АҚШ-тың нақты ЖІӨ-сі 70%-ға жуық артты, яғни орташа жылдық өсім 2,1% деңгейінде. Сарапшылар бұл тұрақтылықты технологиялық сектордың дамуы, ішкі сұраныс пен еңбек нарығының икемділігімен байланыстырады.
Үндістан - басты өсім драйверлерінің бірі
Ірі экономикалар арасында ең жоғары өсім көрсетіп отырған елдердің бірі - Үндістан. 2025 жылы оның экономикасы 6,6% өседі деп күтіледі.
Соңғы 25 жылда Үндістанның ЖІӨ-сі үш еседен астам ұлғайып, $4,1 трлн деңгейіне жетті. Сарапшылардың пайымдауынша, алдағы уақытта Үндістан Жапонияны басып озып, әлемдегі төртінші экономикаға айналуы мүмкін. Мұндай серпін демографиялық әлеуетпен, қызмет көрсету секторы мен цифрлық экономиканың қарқынды дамуымен түсіндіріледі.
Айта кетерлігі, 2025 жылы ең жоғары өсім Ирландияда тіркелуі мүмкін - 9,1%. Бұл елдегі экспорттың және трансұлттық компаниялар қызметінің белсенділігімен байланысты.
Еуропа баяу қозғалыста
Ал Еуропада өсім айтарлықтай әлсіз. Еуроодақтағы ең ірі экономика саналатын Германия 2025 жылы бар болғаны 0,2% өседі деп болжануда. Бұл 2023–2024 жылдардағы құлдыраудан кейінгі баяу қалпына келу кезеңін көрсетеді.
Ұзақмерзімді динамика да көңіл көншітпейді. Соңғы 25 жылда Италияның орташа жылдық өсімі небәрі 0,4%, ал Францияныкі 1,2% деңгейінде болды. Бұл Еуропадағы экономикалық өсімнің құрылымдық тұрғыда баяу екенін аңғартады.
Әлемдік экономика асимметриялы бола түсуде
Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономика барған сайын екіге бөлінуде. Бір жағында демографиялық және экономикалық әлеуеті жоғары, қарқынды өсіп келе жатқан елдер бар. Екінші жағында - өсімі баяулаған, халықтың қартаюы мен құрылымдық шектеулерге тап болған дамыған экономикалар.
$117 трлн көлеміндегі әлемдік экономиканың визуализациясы бір нәрсені анық көрсетеді: жаһандық өсімнің орталығы біртіндеп ауысып жатыр, ал елдер арасындағы айырмашылық барған сайын тереңдей түсуде. Алдағы жылдары дәл осы теңгерімсіздік әлемдік экономикалық күн тәртібін айқындайды.