«АҚШ көмектесуге дайын»: Трамптың мәлімдемесі неге Тегеранды алаңдатты

1705
Жан Арыстанұлы Редактор
Фотосурет: Enab Baladi

АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні Иранға қатысты қатаң мәлімдемелерін қайта жаңғыртып, елдегі жалғасып жатқан наразылықтар аясында Вашингтон жағдайға араласуға дайын екенін ашық айтты. Оның сөзінше, Иран бүгінде «бостандыққа бұрын-соңды болмаған деңгейде ұмтылып отыр», ал АҚШ бұл процеске «көмектесуге әзір», деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл туралы Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Al Drago/Bloomberg

Иран бостандыққа ұмтылып жатыр, мүмкін, бұрын-соңды болмағандай. АҚШ көмектесуге дайын!!! - деп жазды ол.

«Адамдарды өлтіре бастаса - біз араласамыз»

Бұл АҚШ президентінің алғашқы ескертуі емес. Соңғы күндері Дональд Трамп пен АҚШ әкімшілігінің өзге де жоғары лауазымды өкілдері Ирандағы жағдайды жіті бақылап отырғандарын бірнеше рет мәлімдеді.

Жұма күні журналистермен сөйлескен Трамп АҚШ Иранда бейбіт наразылық білдірушілерге күш қолданылса, нақты қадамдарға баруға дайын екенін ашық айтты.

Егер олар адамдарды өлтіре бастаса... біз араласамыз, - деді ол.

Сонымен бірге АҚШ президенті бұл сөздер міндетті түрде америкалық әскердің Иран аумағына кіруін білдірмейтінін атап өтті.

Бұл қарулы күштердің Иран аумағына кіруі деген сөз емес, бірақ ең ауыр, ең әлсіз тұстарға өте қатты соққы жасалатынын білдіреді, - деді Дональд Трамп.

Тегеранның қатаң жауабы

Тегеранда бұл мәлімдемелерге жауап бірден берілді. Сәрсенбі күні Иран Сыртқы істер министрлігі АҚШ әкімшілігінің елдегі тәртіпсіздіктерге қатысты сөздерін «арандатушы әрі жаңылыстыратын» деп атап, қатаң сынға алды.

Ведомствоның мәлімдеуінше, мұндай риторика Вашингтонның иран халқына деген ұзақ жылдар бойғы дұшпандық ұстанымын көрсетеді және жағдайды тұрақтандыруға еш ықпал етпейді.

Экономикалық дағдарыс аясындағы наразылықтар

Иранда наразылық акциялары өткен жылдың желтоқсан айының соңынан бері жалғасып келеді. Олар бірден бірнеше қалада ұлттық валюта - иран риалының күрт құнсыздануы мен ұзақ жылдарға созылған экономикалық қиындықтар салдарынан басталған.

Иран билігі демонстрациялардың болғанын ресми түрде мойындап, экономикалық мәселелерді шешуге дайын екенін білдірді. Сонымен қатар билік өкілдері күш қолдануға, тәртіпсіздіктерге және вандализмге жол бермеуге шақырды.

Кернеудің жаңа кезеңі

Сарапшылардың пікірінше, Дональд Трамптың қатаң мәлімдемелері АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің жаңа кезеңін бастап беруі мүмкін. Тіпті тікелей әскери араласусыз-ақ, мұндай риторика Тегеранға қысымды күшейтіп, аймақтағы жағдайдың ушығу қаупін арттырады.

Ішкі наразылықтар мен сыртқы қысым қатар күшейген тұста Иран өте күрделі кезеңге аяқ басты. Бұл жағдайда қабылданатын кез келген қате шешім ел үшін ғана емес, бүкіл Таяу Шығыс аймағы үшін ауыр салдарға алып келуі мүмкін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -