Қазақ мұнайы бар танкерлерге дрондар шабуылы: қазіргі жағдай қандай

3674
Фотосурет: Gov

13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы маңында қазақстандық экспорттық мұнайды тасымалдауға қатысы бар екі танкерге қатысты бірден екі оқиға тіркелді. Бұл ақпаратты Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі ресми түрде растады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, оқиғалар салдарынан экипаж мүшелерінің өміріне қауіп төнген жоқ және қазақстандық мұнай экспортына әсер ететіндей тәуекелдер туындамаған.

Министрліктің деректеріне сәйкес, ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына Matilda және Delta Harmony атты екі танкер ұшыраған.

Мальта туы астында жүрген және «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы жалдаған Matilda танкері жарылыс салдарынан зақым алған. Алайда өрт тіркелмеген. Ең бастысы - экипаж мүшелерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Техникалық қызметтердің алдын ала бағалауына сәйкес, кеме теңізде жүзу қабілетін сақтап қалған, корпуста сыни зақымдар анықталмаған.

Екінші танкер - Либерия туы астындағы Delta Harmony - жүктеуді күтіп тұрған сәтте дрон шабуылына ұшыраған. Оқиға салдарынан өрт шыққанымен, ол жедел түрде оқшауланып, толық сөндірілді.

Бұл жағдайда да зардап шеккендер жоқ. Энергетика министрлігі ерекше атап өткен маңызды жайт - шабуыл кезінде мұнай тиеу жұмыстары әлі басталмаған, жүк танктері бос болған. Демек, Қазақстанның экспорттық мұнай ресурстарына залал келтірілген жоқ.

Ведомствода жағдай тұрақты бақылауда екені айтылды. Энергетика министрлігі ұлттық операторлармен, консорциум әкімшілігімен және кеме иелерімен жедел байланыста жұмыс жүргізіп жатыр.

Негізгі міндет - Қара теңіз аймағындағы қауіп-қатердің артуына қарамастан, логистикалық тізбектердің қауіпсіздігін және қазақстандық мұнай экспортының үздіксіздігін қамтамасыз ету.

Ұшқышсыз аппараттарды қолдану арқылы жасалатын шабуылдардың жиілеуі өңірдегі кеме қатынасы мен энергетикалық инфрақұрылым қауіпсіздігі мәселесін қайтадан алдыңғы қатарға шығарды. Алайда Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта қазақстандық мұнай экспортына кедергі келуі мүмкін деген негіз жоқ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -