Қазақстан мен Словения саяси диалогты, экономиканы және цифрлық әріптестікті күшейтпек

891
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Словения екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті. Бұл туралы Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Словен Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы және еуропалық істер министрі Таня Файонмен кездесуі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу кезінде тараптар саяси сұхбаттастықты нығайту, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ цифрландыру, инновациялар және көлік логистикасы салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады. Әңгіме барысында келесі жылы Қазақстан мен Словения дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатыны атап өтілді. Бұл белес екі ел арасындағы ынтымақтастықтың кемелдігі мен тұрақтылығын айқын көрсететін маңызды кезең ретінде бағаланды.

Таня Файон Қазақстанды Словения үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес деп атап, өткен жылы Словен Президентінің Астанаға жасаған ресми сапарының нәтижелеріне жоғары баға берді. Оның айтуынша, бұл сапар екіжақты қатынастарды нығайтуға елеулі үлес қосты және қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі ілгерілетуге берік негіз қалады.

Кездесу барысында көпқырлы өзара іс-қимылды тереңдету және барлық деңгейде тұрақты байланыстарды қолдау мәселелері де талқыланды. Атап айтқанда, сыртқы істер министрлері арасындағы жүйелі диалогтың маңыздылығы айтылды. Вице-премьер словен тарапының тең төрайымы ретінде 2026 жылғы наурыз айында Люблянада Үкіметаралық комиссияның 5-отырысын және Қазақстан-Словен цифрлық форумын өткізуге дайын екенін растады.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары кездесудің басты тақырыптарының бірі болды. Тараптар фармацевтика, жасанды интеллект, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инжиниринг және энергия тиімділігі салаларындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен қатар Қазақстанның маңызды транзиттік хаб ретіндегі рөлінің артуына байланысты Орта дәліз аясында көлік логистикасын дамытуға ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ словениялық компаниялардың Қазақстандағы инвестициялық жобаларға, оның ішінде өндірісті жергіліктендіру бастамаларына қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Бұл бағыт екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Кездесу соңында қазақ дипломаты Словенияны 2024-2025 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне табысты төрағалық етуімен және 2026-2028 жылдарға Адам құқықтары жөніндегі кеңеске сайлануымен құттықтады. Тараптар халықаралық ұйымдар мен көпжақты алаңдар аясында өзара ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екендерін растады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -