АҚШ билігі 75 елдің азаматтары үшін иммиграциялық визаларды өңдеуді уақытша тоқтатты. Бұл шешім АҚШ-та тұрақты тұруды көздейтін шетел азаматтарына қатысты. Ал туристерге, студенттерге және уақытша жұмысқа келетіндерге шектеу қойылмайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шектеу 21 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Қандай визалар тоқтатылды
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, шектеу тек иммиграциялық визаларға қатысты. Яғни, АҚШ-та тұрақты тұруға немесе көшуге өтініш бергендерге.
Ал төмендегі визалар бұрынғыдай рәсімделе береді:
- туристік визалар
- студенттік визалар
- уақытша жұмыс визалары
- футболдан әлем чемпионатына байланысты визалар
АҚШ бұл шешімді неге қабылдады
Мемлекеттік департамент бұл кезеңде иммиграциялық құжаттарды өңдеу тәртібі қайта қаралатынын хабарлады. Негізгі мақсат - АҚШ-қа келгеннен кейін әлеуметтік және мемлекеттік жәрдемақыларға тәуелді болуы мүмкін шетел азаматтарының елге кіруін шектеу.
The State Department will pause immigrant visa processing from 75 countries whose migrants take welfare from the American people at unacceptable rates. The freeze will remain active until the U.S. can ensure that new immigrants will not extract wealth from the American people.
— Department of State (@StateDept) January 14, 2026
АҚШ тарапының мәлімдеуінше, жаңа иммигранттар «америкалық салық төлеушілердің есебінен өмір сүрмеуі тиіс».
Консулдар енді нені ескереді
Иммиграциялық визаны қарау кезінде консулдық қызметкерлер өтініш берушінің:
- денсаулық жағдайын
- жасын
- ағылшын тілін білу деңгейін
- қаржылық мүмкіндігін
- ұзақ мерзімді медициналық көмекке мұқтаж болу ықтималдығын
жан-жақты бағалайды.
Жасы үлкен адамдарға, артық салмағы бар азаматтарға, сондай-ақ бұрын мемлекеттік қаржылай көмек алған немесе әлеуметтік мекемелерде тұрған тұлғаларға виза берілмеуі мүмкін.
Тізімге қай елдер кірді
Иммиграциялық виза беру тоқтатылған елдердің қатарында Еуропа, Азия, Африка, Таяу Шығыс және Латын Америкасындағы мемлекеттер бар. Атап айтқанда:
Ауғанстан, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Египет, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Непал, Нигерия, Пәкістан, Ресей, Сирия, Таиланд, Өзбекстан, Йемен және басқа да елдер.
Жалпы тізімде 75 мемлекет көрсетілген.
Бұл алғашқы шектеу емес
Дональд Трамп әкімшілігі бұған дейін де көші-қон саясатын қатаңдату бағытында бірнеше қадам жасаған. Өткен желтоқсанда АҚШ 19 елдің азаматтарына иммиграциялық өтініштерді қарауды тоқтатқан болатын.
Сондай-ақ жуырда АҚШ-та тұрып жатқан сомалиліктер үшін уақытша қорғалған мәртебені алып тастау туралы шешім қабылданды.
Жаңа шаралар әлеуметтік жүйеге түсетін жүктемені азайтуға және иммиграцияны қатаң бақылауға алу саясатының бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.