Жетісу облысында дәстүр мен заманауи кәсіпкерлік ұштасқан жаңа өндіріс іске қосылды. Талдықорғанда жас кәсіпкер Мадияр Түйебаев жұбайымен бірге бал-қымыз өндірісін жолға қойып, ұлттық сусынға жаңа тыныс беріп отыр. Қазір кәсіпорын күніне 600 литр өнім шығарады, ал алдағы жоспар одан да ауқымды - өндірісті кеңейтіп, Қытай мен Өзбекстан нарығына экспортқа шығу, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Дмитрий Ерофеевтің суреті
Шетелден туған жерге оралу
Бұл бизнестің артында тек есеп емес, саналы таңдау тұр. Мадияр Түйебаев 8 жыл бойы шетелде білім алып, кейін Қазақстанның батыс өңірлерінің бірінде қаржылық сарапшы болып жұмыс істеген. Сол жерде болашақ жары Әйгеріммен танысып, отбасын құрды. Алайда уақыт өте келе туған жерге оралу туралы шешім қабылдайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Дмитрий Ерофеевтің суреті
Жетісуға келген соң, өз кәсібін нөлден бастауға бел буады. Таңдау ұлттық сусындар өндірісіне түседі. Себебі өңірдің табиғаты да, шикізаты да бұған толық мүмкіндік береді.
Дмитрий Ерофеевтің суреті
Нарықтағы олқылық идеяға айналды
«Халықаралық сауда және экономика факультетін бітірдім, жұбайым эколог. Бірақ бала кезімнен ас әзірлеуге қызығатынмын. Уақыт өте ұлттық тағамдарға деген қызығушылық күшейді. Қаржылық сарапшы болып жүріп, біздің өңірге шетелде өндірілген бал-қымыз көп әкелінетінін байқадым. Сол кезде неге оны Жетісудың өзінде өндірмеске деген ой келді. Мұнда шөптің түр-түрі өседі, сүттің сапасы да ерекше», - дейді Мадияр Түйебаев.
Жобаға дайындық өткен жылдың мамыр айында басталып, қыркүйекте өндіріс толық іске қосылды. 40 млн теңгеге жуық жеке қаражат салынған. Қуаттылығы сұранысқа қарай тәулігіне 3 тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Дмитрий Ерофеевтің суреті
Табиғи өнімге басымдық
Кәсіпкердің жұбайы Әйгерім Шаландиева өндірістегі басты қағида - табиғилық екенін айтады.
Дмитрий Ерофеевтің суреті
«Бал-қымызды дайындауда тек табиғи ингредиенттерді қолданамыз. Сүттің негізгі бөлігін Текелі сүт зауытынан, қосымша Талдықорғаннан аламыз. Бұл - сиыр мен бие сүтінің үйлесімі, бал ашытқысы, пайдалы лактобактериялар бар. Негізгі мақсатымыз - халық денсаулығына үлес қосу. Қазір жасанды қоспалары бар өнімдер көп, сондықтан ұлттық, дәстүрлі тағамдарға қайта оралатын уақыт келді», - дейді ол.
Қазір кәсіпорында бал-қымыздан бөлек «Таң» сусыны, айран және реутери йогурты өндіріледі. Келесі жоспар - тары қосылған шай шығару.
Дмитрий Ерофеевтің суреті
Экспортқа бағыт алған қадам
Бүгінде кәсіпорында 5 адам жұмыс істейді. Өндіріс көлемі артқан сайын жұмыс орындары да көбеймек. Өнім әзірге тек Жетісу өңірінде сатылып жатыр.
Дмитрий Ерофеевтің суреті
«Мемлекеттік қолдау болса, жоспарларымызды жылдамырақ жүзеге асырар едік. Бірақ ең бастысы - ниет пен еңбек. Біз тұрғындарды қолжетімді бағамен сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуді көздейміз. Қазір Қытай тарапымен келіссөздер жүріп жатыр, құжаттарды дайындап жатырмыз. Көктемде бал-қымыздың алғашқы партиясын Қытайға жіберуді жоспарлап отырмыз», - дейді кәсіпкер.
Дмитрий Ерофеевтің суреті
Отбасылық кәсіп - ортақ құндылық
Ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне 10 жыл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Олар табыстың басты сыры - дәстүрге құрмет, бір-біріне сенім және адал еңбек деп санайды. Ал бұл бизнес сол құндылықтардың нақты нәтижесіне айналған.
Дмитрий Ерофеевтің суреті
Айта кетейік, 2025 жылы Жетісу облысында шағын және орта бизнесті қолдауға 5,9 млрд теңге бағытталған. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде өңірде 63 мыңнан астам ШОБ субъектісі жұмыс істеп тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға көп.
Жетісудағы бал-қымыз өндіретін бұл шағын кәсіп - ұлттық өнімнің экспорттық брендке айнала алатынын көрсететін нақты мысал.