Чех бизнесі Қазақстанға көз тігіп отыр: қай салалар басымдықта

847
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Прага Қамалында Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Әбдірахманов Чех Республикасының Президенті Петр Павелге сенім грамоталарын тапсырды. Салтанатты рәсім екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардағы маңызды кезеңге айналып, саяси диалогты одан әрі дамытуға серпін берді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Рәсім аясында қазақстандық дипломат пен Чехия Президенті арасында мазмұнды әңгіме өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Чехия арасындағы екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін растап, оларды одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілік білдірді.

Әңгіме барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру мәселелері басты назарда болды. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту, білім беру, мәдениет және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайту бағыттарының маңыздылығы атап өтілді.

Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау кезінде жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясындағы өзара іс-қимылдың рөлі ерекше аталды. Сондай-ақ Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынына оң баға берілді.

Қайрат Әбдірахманов чех тарапының назарын Қазақстанда жүріп жатқан жаңғырудың жаңа кезеңіне аударды. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген жаңа жылдық сұхбатында айқындалған басымдықтарды атап өтті. Атап айтқанда, орнықты экономикасы бар, тұрақты саяси жүйеге сүйенетін және қоғамдық игіліктерді әділ бөлуді көздейтін құқықтық мемлекет құру басты мақсат ретінде белгіленгені айтылды.

Кездесу барысында Чехияның іскер топтарының Қазақстандағы экономикалық реформаларға, әсіресе энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларына қызығушылық танытып отырғаны атап өтілді. Бұл салаларда чех компаниялары ресурсты үнемдейтін және экологиялық таза озық технологияларға ие, сол себепті бірлескен жобаларды іске асыруға нақты әлеует бар.

Тараптар осы және өзге де өзара тиімді қазақ-чех ынтымақтастығы бағыттары бойынша үйлестірілген жұмысты жалғастыруға келісті. Алдағы уақытта екі елдің үкіметтері, іскер және қоғамдық топтары желісі арқылы жоғары және ең жоғары деңгейдегі кездесулерді әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл қадамдар Қазақстан мен Чехия арасындағы әріптестікті жаңа мазмұнмен толықтыруға бағытталған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -