Қазақстан мен Таиланд байланысы жаңа қарқын алуда - министрлер не туралы сөйлесті

1012
Арман Қоржымбаев Бас редактор

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Таиланд Корольдігінің Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткеомен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейін және болашақтағы даму бағыттарын жан-жақты талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан-Таиланд қатынастарының соңғы жылдары тұрақты әрі үдемелі дамып келе жатқанын атап өтті. Министрлердің пікірінше, екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті әлі де жоғары және оны нақты жобалармен толықтыру маңызды.

Әсіресе саяси диалогты кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және мәдени-гуманитарлық саладағы өзара ықпалдастыққа баса назар аударылды. Тараптар сауда мен инвестициялар, өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, цифрлық даму, туризм және өзге де басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендерін білдірді.

Министрлер іскер топтар арасындағы байланыстарды жандандырудың, сондай-ақ екі ел арасындағы туристік ағынды арттырудың маңызын да атап өтті. Бұл бағыттар Қазақстан мен Таиланд экономикасына өзара тиімді серпін беретін перспективалы салалар ретінде қарастырылып отыр.

Сонымен қатар әңгіме барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу өтті. Тараптар бірқатар жаһандық мәселелерге қатысты ұстанымдарының ұқсас екенін атап өтіп, халықаралық алаңдарда өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.

Сұхбат қорытындысы бойынша министрлер сыртқы істер ведомстволары арасында тұрақты жұмыс байланыстарын қолдауға және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестіруді жалғастыруға уағдаласты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -