Huawei Technologies Kazakhstan компаниясы мен Beeline Қазақстан холдингі серіктестіктің кезекті кезеңін айқындайтын Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат екі компанияның Қазақстандағы цифрлық трансформацияны жеделдету жолындағы ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Меморандумға сәйкес, тараптар цифрландыруды дамыту, бұлтты экожүйелер, жасанды интеллект өнімдері, үлкен деректерді қолдану және басқа да сабақтас бағыттар бойынша бірлескен жобалар мен мүмкіндіктерді зерделемек. Сонымен қатар серіктестердің назарында жасанды интеллект пен есептеу қуаттарын нақты практикалық сценарийлерде қолдану бар — ақылды дата-орталықтардан бастап корпоративтік зияткерлік көмекшілер мен бейнеталдау шешімдеріне дейін.
«Win Together»: технология мен нарық синергиясы
Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының бас директоры Сун Ясюй серіктестікке берілген сенімді жоғары бағалайтынын атап өтті.
«Біздің ортақ жолымыз Win Together — бірге жеңу қағидатына негізделген. Huawei Қазақстанның цифрлық күн тәртібін қолдау үшін бұлтты шешімдер мен жасанды интеллект саласындағы жаһандық сараптамасын ұсынуға дайын. Технологиялық қуатымыз бен KaR-Tel компаниясына тән нарықты терең түсінудің синергиясы тек жергілікті деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде де табысты болатын цифрлық трансформацияның бірегей үлгілерін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», — деді ол.
Beeline Қазақстан: инновациялар — тұрақты құндылықтың негізі
Beeline Қазақстан холдингінің Президенті және CEO Евгений Настрадин қазіргі телеком-нарықта тек байланыс қызметін ұсынумен шектелу жеткіліксіз екенін айтты.

«Бүгінде біздің стратегиямыз инновацияларды енгізу арқылы серіктестер мен клиенттер үшін тұрақты құндылық қалыптастыруға бағытталған. Huawei-мен мүмкіндіктерімізді біріктіре отырып, біз бизнес өсімінің катализаторына айналатын және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыратын шешімдерді нарыққа ұсынуды жалғастырамыз», — деп атап өтті ол.
Нәтижесі дәлелденген әріптестік
Қол қойылған меморандум бұрыннан қалыптасқан табысты серіктестік тәжірибесіне сүйенеді. Соңғы жылдары Huawei мен Beeline бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырды.
Атап айтқанда, 2025 жылы:
- Астанада 10G тіркелген интернет технологиясы бірлесіп сынақтан өткізілді;
- Massive MIMO технологиясын қолдану және желіні оңтайландыру нәтижесінде Алматыда мобильді байланыстың жылдамдығы 40 пайызға артты;
- Алматы облысында күн батареяларымен жұмыс істейтін Rural Star байланыс ретрансляторы іске қосылды;
- Huawei-мен серіктестікте жаңа буын бұлтты платформасы — Hyper Cloud компаниясы құрылды.
Нарық үшін маңызы қандай
Меморандум ережелерін іске асыру Қазақстанда жаңа буын цифрлық сервистерінің пайда болуын жеделдетуге, сондай-ақ Huawei мен Beeline Қазақстанның өңірлік технологиялық жаңғыртудағы көшбасшылық позициясын нығайтуға бағытталған.
Бұл серіктестік телекоммуникация мен IT саласының экожүйелік даму бағытына бет алғанын көрсетеді. Мұнда байланыс, бұлтты технологиялар және жасанды интеллект бір платформаға тоғысып, бизнес пен қоғам үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.