Орталық Азия елдерінің азаматтары Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясының әкімшілік орталығы Нанкин қаласында орналасқан «Қытай – Орталық Азия» форматындағы кедергісіз саудаға арналған ынтымақтастық платформасында өз елдеріне тән өнімдерді таныстыруда. Фото: Jiangsu SOHO Holdings Group Co., Ltd холдингтік корпорациясы ұсынған
Қазақстанның құрғақ түйе сүті, Қырғызстанның балы, Өзбекстанның жібегі: Нанкиндегі «Қытай – Орталық Азия» сауда платформасы қалай жұмыс істейді?
Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясының әкімшілік орталығы Нанкин қаласында «Қытай – Орталық Азия» форматындағы кедергісіз саудаға арналған ынтымақтастық платформасы жұмысын бастады. Бұл алаң Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтып, өңірлік бизнесті жаңа деңгейге шығаруды көздейді. Платформада Қазақстанның құрғақ түйе сүті, Қырғызстанның балы, Өзбекстанның жібек бұйымдары сияқты Орталық Азия елдеріне тән бірегей өнімдер ұсынылған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сауда-көрме орталығының жалпы аумағы 23 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда көрме залы, Орталық Азияның бес елінің ұлттық павильондары, тауарларды таныстыру аймақтары, Орталық Азия мемлекеттері мен «Бір белдеу – бір жол» бастамасына қатысушы өзге елдердің сауда өкілдіктері, сондай-ақ шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істейтін кәсіпорындар мен ұйымдарға арналған кеңсе аймақтары орналасқан.
Бизнеске арналған «әмбебап қонақ бөлме»
Платформа инновациялық үлгіде жұмыс істейді: тауарлар Нанкинде көрсетіледі, ал қоймалар Қытайдың шекара маңындағы өңірлерінде орналасқан. Қызмет аясы бүкіл елді қамтиды. Осылайша платформа Қытай мен Орталық Азия кәсіпорындарының өзара нарыққа шығуына мүмкіндік беретін «әмбебап қонақ бөлмеге» айналды.
АО «Сауда саясатын дамыту орталығы QazTrade» және QazExportPromotion ұйымдарының Нанкиндегі тұрақты өкілі Асқар Даировтың айтуынша, бұл платформа қазақстандық экспорттаушыларды, қытайлық импорттаушыларды және логистикалық қызмет көрсетушілерді тікелей байланыстыратын өзіндік «маршрутизатор» қызметін атқарады.
Идеядан жүздеген миллион долларлық келісімдерге дейін
«Қытай – Орталық Азия» форматындағы кедергісіз сауда платформасы 2025 жылы өткен екінші «Қытай – Орталық Азия» саммиті аясында ресми түрде іске қосылды. Оның негізін 2024 жылдың қыркүйегінде Цзянсу провинциясында құрылған Орталық Азия елдері орталығы қалады. Бұл орталықты Jiangsu SOHO Holdings Group холдингтік корпорациясы Нанкин қаласының Сюаньу ауданының үкіметімен бірлесіп ашқан.
Платформа операторы – SOHO Asia-Europe Connectivity Technology (Nanjing) компаниясының мәліметінше, қазіргі таңда алаң жұмысына 34 мекеме мен кәсіпорын тартылған. Олардың қатарында QazTrade те бар. Платформа арқылы ауыл шаруашылығы өнімдері, минералды ресурстар және қолданыста болған автокөліктерді импорттау мен экспорттауға қатысты алдын ала келісімдердің көлемі жүздеген миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл шамамен 600 қытайлық кәсіпорынға даму мүмкіндігін кеңейтуге жол ашты.
Атап айтқанда, 2025 жылы Астанада өткен Цзянсу провинциясының импорттық және экспорттық тауарлар көрмесі барысында платформа қатысуымен жалпы сомасы 120 миллион АҚШ долларын құрайтын келісімдерге қол қойылды.
Суретте Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясының әкімшілік орталығы Нанкин қаласында орналасқан «Қытай – Орталық Азия» форматындағы кедергісіз саудаға арналған ынтымақтастық платформасының ғимараты бейнеленген. Фото: Jiangsu SOHO Holdings Group Co., Ltd холдингтік корпорациясы ұсынған
Электронды коммерция және «Жібек жолы бұлты»
Платформа офлайн саудамен қатар электронды коммерция қызметтерін де белсенді дамытып отыр. Орталық Азия кәсіпорындарының өнімдері Қытай нарығына цифрлық арналар арқылы шығып, ал аймақ тұрғындары жоғары сапалы қытайлық тауарларды сатып алудың жаңа мүмкіндігіне ие болуда.
Jiangsu SOHO Holdings Group құрған «Жібек жолы электронды коммерциясы» – soho cloud платформасында бүгінде 550-ден астам компания тіркелген. 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 1 000-нан асыру жоспарланып отыр.
Сауда көрсеткіштері рекорд орнатты
Платформаның бағыттаушы рөлімен 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Қытайдың ірі экономикалық аймақтарының бірі саналатын Цзянсу провинциясы мен Орталық Азияның бес елі арасындағы тауар айналымы 31,36 млрд юаньды (шамамен 4,5 млрд АҚШ доллары) құрады. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,6 пайызға көп. Ал Jiangsu SOHO Holdings Group корпорациясының Орталық Азия елдерімен сыртқы сауда көлемі жылдық есепте 12,1 пайызға артқан.
ҚХР Сауда министрлігінің соңғы деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымы 106,3 млрд АҚШ долларына жетіп, бір жылда 12 пайызға өсті. Осылайша тарихта алғаш рет бұл көрсеткіш 100 млрд доллардан асып, Қытай Орталық Азия елдерінің ең ірі сауда серіктесіне айналды.
Алдағы жоспарлар
Қытайдың Сауда министрлігінде «Қытай – Орталық Азия» кедергісіз сауда платформасының іске қосылуын трансшекаралық электронды коммерцияның қарқынды дамуы, қойма және логистикалық инфрақұрылым құрылысы, сондай-ақ трансшекаралық төлемдер саласындағы ынтымақтастықпен қатар, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтетін маңызды фактор ретінде атап өтті.
Алдағы уақытта платформа аясында Цзянсу провинциясының импорттық және экспорттық тауарлар көрмесін тұрақты түрде өткізу, Астанада орналасатын Орталық Азиядағы Цзянсу орталығын жеделдетіп салу, өндірістік тізбектер бойынша ынтымақтастықты тереңдету және гуманитарлық алмасуларды дамыту жоспарланған.
Бұл жоба сауда алаңы ғана емес, Орталық Азияның Еуразиялық сауда жүйесіндегі орнын жаңа деңгейге көтеретін заманауи экономикалық модель ретінде қарастырылып отыр.