OpenAI компаниясы OpenAI for Countries жаһандық бағдарламасы аясында Edu for Countries бастамасының алғашқы халықаралық тобын іске қосқанын жариялады. Алғашқы қатысушы елдер қатарына Эстония, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания, Грекия және Қазақстан кірді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан бұл бастамаға қосылған Орталық Азиядағы алғашқы ел атанып, елдің білім беру жүйесінде ChatGPT Edu – жасанды интеллектінің білім саласына арналған арнайы нұсқасын жүйелі түрде енгізу басталды. Бұл шешім Қазақстанның білім беру саясаты үшін стратегиялық маңызға ие.
Жасанды интеллект – мұғалімді алмастырмайды, мүмкіндігін күшейтеді
Жасанды интеллектінің білім беру процесіне ықпалы туралы жаһандық пікірталастар аясында Қазақстан нақты ұстанымды таңдады: жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше оның кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтеді.
ChatGPT Edu педагогтердің әкімшілік және әдістемелік жүктемесін азайтуға, оқыту процесін жекелендіруге және білім сапасын арттыруға бағытталған. Мұнда басты мақсат – білім беруді автоматтандыру емес, адами әлеуетті дамыту.
Мемлекеттік бюджетсіз жүзеге асатын жоба
Жоба 2025 жылғы 6 қарашада Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары барысында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске асырылуда. Негізгі келісім OpenAI, Inc., Freedom Holding Corp. және өңірлік серіктес Bilim Group арасында жасалды.
Маңызды жайт – жоба мемлекеттік бюджет пен сыртқы гранттарсыз, толықтай жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады. Бұл іскерлік қауымдастықтың бастамаға жоғары сенім білдіріп отырғанын көрсетеді.
165 мың тегін лицензия – педагогтерге арналған нақты қолдау
ChatGPT Edu-ды енгізу аясында Қазақстанның білім беру ұйымдарына 165 000 лицензия тегін беріледі. Оның ішінде:
- 100 000 лицензия – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері үшін
- 62 800 лицензия – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушылары мен әкімшілік қызметкерлері үшін
- 2 200 лицензия – Astana Hub экожүйесінің қатысушылары үшін
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстанның Edu for Countries бастамасына қосылуы Жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында жүзеге асуда және бұл елдің ЖИ-ді негізгі салаларға енгізудегі жүйелі көзқарасын көрсетеді.
Университеттер мен ғылымға жаңа серпін
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ChatGPT Edu-ды университеттерге арналған кешенді шешім ретінде атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект оқытушы мен зерттеушіні алмастырмайды, керісінше олардың мүмкіндігін күшейтеді.
ЖИ оқу материалдарын дайындауды жеделдетуге, студенттермен кері байланысты жақсартуға және ғылыми зерттеулерге жаңа мүмкіндік ашуға көмектеседі. Министрдің сөзінше, Қазақстан ЖИ-ді жай ғана пайдаланатын емес, оны жасай алатын мамандарды даярлауға басымдық береді.

Жеке оқыту және цифрлық мәдениет
Оқу-ағарту министрі Жанна Сүлейменова жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу педагог рөлін күшейтудің стратегиялық қадамы екенін атап өтті. ChatGPT Edu мұғалімге тән емес кейбір міндеттерді өз мойнына алып, әрбір оқушының жеке қажеттілігіне сай жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект дайын жауап көзі емес, ол – сыни ойлауды, жауапкершілікті және цифрлық мәдениетті дамыту құралы. Ол әртүрлі дайындық деңгейіндегі оқушыларға арналған сараланған материалдарды жедел әзірлеуге көмектеседі.
ChatGPT Edu нені ұсынады
ChatGPT Edu педагогтерге:
- оқу материалдарын, тапсырмалар мен тесттер дайындауға
- контентті білім алушы деңгейіне бейімдеуге
- қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде материал әзірлеуге
- кері байланыс пен бағалау критерийлерін қалыптастыруға
мүмкіндік береді. Бағалау шешімдерінің барлығы толықтай оқытушының құзыретінде қалады.
Оқыту, қауіпсіздік және деректерді қорғау
2026 жылғы қаңтардан бастап OpenAI мамандарымен бірлесіп ChatGPT Edu-ды білім беру, әкімшілік және зерттеу қызметінде қолдану бойынша тұрақты оқыту жүргізіледі. Бұл педагогтердің цифрлық және AI-сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Білім беру ұйымдары үшін дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сай келетін қорғалған жұмыс кеңістігі қарастырылған.
Astana Hub және болашақ мамандар
Astana Hub басқарушы директоры Валерия Тё бұл бастама Tomorrow School студенттері мен Tech Orda бағдарламасына қатысушылардың білім беру мүмкіндігін кеңейтетінін атап өтті. ChatGPT Edu олардың AI-құзыреттерін дамытуына және технологияны тәжірибеде қолдануына жол ашады.
Алдағы кезең
Халықаралық тәжірибе ChatGPT Edu-ды енгізу білім алушылардың белсенділігін арттырып, оқу материалдарының сапасын жақсартатынын және оқытушылар уақытының тиімді пайдаланылуына ықпал ететінін көрсетіп отыр. Бұл нәтижелер Қазақстанда технологияны кезең-кезеңмен енгізу барысында ескерілетін болады.
Осылайша Қазақстан болашаққа бейімделген, бәсекеге қабілетті және AI-сауатты білім беру жүйесін қалыптастыру жолында маңызды қадам жасап отыр.