Astana Hub алаңында Draper University серіктестігімен жүзеге асырылған Hero Training халықаралық акселерациялық бағдарламасының төртінші легі өз мәресіне жетті. Бағдарлама аясында стартап-командалар өз өнімдерін АҚШ нарығының талаптарына бейімдеп, халықаралық деңгейде масштабтауға бағытталған қарқынды жұмыс жүргізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Биыл Hero Training бағдарламасына қызығушылық жоғары болды. Қазақстан, Өзбекстан, Грузия, Әзербайжан, Моңғолия және Ресей елдерінен 85 өтінім түсті. Алғашқы іріктеу мен онлайн-диагностиканың нәтижесінде сарапшылар комиссиясы төрт үздік жобаны таңдады. Олар – Health Balance, Sale Scout, ZEEP және Hemo.Labs.
$3,3 млн инвестиция және жаһандық нарыққа жол
Astana Hub басқарушы директоры Таңат Өскембаевтың айтуынша, Hero Training бағдарламасы әрбір жаңа легімен стартаптардың өсу қарқынын үдетіп келеді.
«Командалар стратегиясын қайта қарап, өнімдерін күшейтеді және халықаралық нарыққа шығуға сенімді бола түседі. Бағдарламаның төрт легіне 41 стартап қатысып, жалпы көлемі шамамен 3,3 млн доллар инвестиция тартты. Бұл – өңір стартаптарының жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейтін нақты нәтиже», – деді ол.
Health Balance: денсаулыққа арналған технологиялар және TechCrunch Disrupt
Бағдарламаға қатысқан жобалардың бірі – Health Balance стартапы. Жоба денсаулық пен well-being саласында деректер мен технологияларға негізделген шешімдер ұсынып, пайдаланушылардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Health Balance стартапының бас директоры Жақсыбек Нұртлесовтің айтуынша, Hero Training компания дамуы үшін маңызды кезеңге айналды.
«Халықаралық менторлар мен нарықтан алынған кері байланыс негізінде өнім стратегиясын қайта қарап, құндылық ұсынысымызды нақтыладық. Бағдарлама бізге халықаралық конференцияларға, соның ішінде TechCrunch Disrupt іс-шарасына қатысуға мүмкіндік берді. Бұл жобаның танымалдылығын арттырып, жаңа серіктестіктер мен масштабтау мүмкіндіктерін ашты», – деді ол.
Қазір команда өнімді әрі қарай жетілдіруге және шетел нарықтарына шығуға басымдық беріп отыр.
ZEEP: цифрлық кофеханалар және масштабталатын бизнес-модель
Hero Training бағдарламасына ZEEP стартапы да қатысты. Бұл – өз SaaS-платформасына негізделген, франчайзингке дайын цифрлық сусын сату станциялары желісін дамытатын FoodTech-жоба.
ZEEP стартапының негізін қалаушы Даурен Қозыбаев бағдарламаның бизнес тұрғысынан үлкен серпін бергенін атап өтті.
«Hero Training бізге бизнес-модель мен операциялық стратегияны жетілдіруге көмектесті. Цифрлық кофеханалардың масштабталатын форматтарын және жаңа нарықтарға шығудың негізгі тетіктерін тереңірек түсіндік. Инвестициялық питчті күшейтіп, менторлармен және әлеуетті серіктестермен, соның ішінде технологиялар мен төлем шешімдері бағытында, маңызды байланыстар орнаттық», – деді ол.
Қазір команда басым нарықтарды айқындап, пилоттық жобаларды іске қосуға дайындалып жатыр.
Hero Training нені ұсынады
Hero Training бағдарламасы венчурлық инвестор Тим Дрейпердің бастамасымен іске қосылған. Ол MVP деңгейіндегі және одан жоғары дайын өнімдері бар технологиялық стартаптарға арналған.
Бағдарлама қатысушыларға:
- жобаның өсуін жеделдетуге,
- АҚШ нарығына шығуға дайындалуға,
- Draper Ecosystem кәсіпкерлері мен сарапшыларынан менторлық қолдау алуға,
- халықаралық инвесторлар мен серіктестердің назарын аударуға
мүмкіндік береді.
Draper Ecosystem деген не
Draper Ecosystem – стартаптарды дамытуға бағытталған бірегей экожүйе. Ол таланттарды, сарапшыларды және инвесторларды біріктіріп, менторлар, салалық сарапшылар, корпоративтік серіктестер мен венчурлық инвесторлардың кең желісіне қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Draper University негізін қалаушы Тим Дрейпер – АҚШ-тағы ең ірі венчурлық инвесторлардың бірі.
Алдағы мақсат
Hero Training бағдарламасының төртінші легі өңір стартаптарының халықаралық нарыққа шығуға дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті. Astana Hub пен Draper University серіктестігі Орталық Азия стартаптары үшін жаһандық нарыққа апаратын маңызды көпірге айналып отыр.
Hero Training бағдарламасы және оның алдыңғы легіне қатысқан стартаптар туралы толығырақ ақпаратты Astana Hub платформасынан табуға болады.