Астанадан Нью-Делиге дейін: Құрылтай идеяларын халықаралық сарапшылар талқылауда

935
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған делегация Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өтіп жатқан демократия және сайлауды басқару мәселелеріне арналған халықаралық конференцияға қатысуда. Ауқымды форумды Үндістанның Сайлау комиссиясы мен Демократия мен сайлауға жәрдемдесу жөніндегі халықаралық институт (International IDEA) бірлесіп ұйымдастырды. Айта кетейік, бұл ұйым БҰҰ жанындағы Тұрақты байқаушы мәртебесіне ие және Еуропалық одақтың бірқатар өзекті жобалары бойынша серіктес саналады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Конференцияға 43 елдің сайлау органдарының басшылары мен өкілдері жиналып, демократиялық институттарды нығайту, сайлау жүйелерін жетілдіру және халықаралық тәжірибе алмасу мәселелерін талқылауда.

Қазақстанның реформалары – жаһандық пікірталас өзегінде

Нұрлан Әбдіров конференция аясында сайлау органдары басшыларының пленарлық сессиясында, сондай-ақ «Тәуелсіз және кәсіби сайлауды басқару органдары – тұрақты демократия үшін» атты жаһандық тақырыптық сессияда баяндама жасады.

Өз сөзінде ол «Қазақстанның сайлау жүйесін реформалау: сайлау органдарын кәсібилендіру» тақырыбындағы баяндамасын ұсынып, 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформалар аясында елімізде атқарылған жүйелі өзгерістерге кеңінен тоқталды.

Соңғы жылдары Қазақстанда:

  • сайлау жүйесі жаңғыртылды,
  • өкілді билік органдарын қалыптастыру тәртібі өзгертілді,
  • ауыл әкімдері корпусы жаңартылып, жергілікті басқару деңгейінде халықтың рөлі артты.

Бұл өзгерістер халықаралық аудитория тарапынан қызығушылықпен қабылданды.

Ұлттық құрылтай және жаңа саяси бағдар

Кездесулер мен таныстырылымдар барысында Нұрлан Әбдіров шетелдік әріптестеріне Мемлекет басшысының V Ұлттық құрылтайдағы негізгі ұстанымдарын да таныстырды. Қатысушылар Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған бастамалар жөнінде толық ақпарат алды.

Атап айтқанда:

  • бірпалаталы Парламентке көшу жоспарлары,
  • мемлекеттің институционалдық негізін нығайту,
  • Конституциялық комиссия құру,
  • Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер жобасын жалпыұлттық референдумға шығару туралы шешімдер ерекше қызығушылық тудырды.

Халықаралық сарапшылар бұл қадамдарды азаматтарды саяси процестерге тартудың және ашық реформалар жүргізудің маңызды үлгісі ретінде бағалады.

Конференция жұмысы жалғасуда

Нью-Делидегі халықаралық конференция әлі де өз жұмысын жалғастырып жатыр. Алдағы күндері ҚР ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман баяндама жасап, Қазақстан Республикасында сайлау ұйымдастырушыларын электоралды оқытудың өзекті мәселелеріне тоқталмақ.

Қазақстан делегациясының бұл форумға қатысуы елдің сайлау саласындағы тәжірибесіне халықаралық қызығушылықтың артқанын және Астананың демократиялық институттарды дамыту бағытындағы ашық диалогқа дайын екенін көрсетеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -