Мектеп оқушыларының менталдық денсаулығы мен кәсіби бағдар беру саласында жұмыс істейтін қазақстандық WeGlobal AI EdTech-стартапы халықаралық BETT UK білім беру көрмесіне қатысты. Nazarbayev University қолдауымен өткен бұл сапар команда үшін Ұлыбритания нарығына шығу және ағылшын мектептерінде пилоттық жобаны іске қосу жолындағы маңызды қадам болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
BETT көрмесі 1985 жылдан бері өткізіліп келеді және білім беру технологиялары саласындағы әлемдегі ең ірі алаңдардың бірі саналады. Жыл сайын көрмеге 35 мыңнан астам қатысушы мен 130-дан аса елден 600-ден астам компания жиналады. Олардың қатарында мектептер, университеттер, EdTech-стартаптар, инвесторлар және мемлекеттік білім беру жүйесінің өкілдері бар.

Неліктен дәл Ұлыбритания
WeGlobal AI үшін Ұлыбритания нарығын таңдау кездейсоқ емес. Бүгінде бұл елде балалар мен жасөспірімдердің менталдық денсаулығына қатысты мәселе өте өзекті. NHS деректеріне сүйенсек, 5 пен 16 жас аралығындағы әрбір алтыншы бала психологиялық қиындықтарға тап болады, ал мектеп психологтарына қолжетімділік әлі де шектеулі.
Сонымен қатар оқушылардың мазасыздықтың алдын алу, эмоционалдық күйзеліс пен кәсіби болашағын саналы түрде таңдауға көмектесетін жүйелі шешімдерге сұраныс артып келеді. WeGlobal AI дәл осы қажеттіліктерге жауап беретін технологиялық платформа ұсынып отыр.
Қазақстандағы ауқым - халықаралық нарыққа жол ашқан тәжірибе
Соңғы үш айдың ішінде WeGlobal AI платформасы 500 мыңнан астам оқушыны қамтып, Қазақстанның 935 мектебінде енгізілді. Қазіргі таңда жүйеде 1 237 мектеп психологы жұмыс істейді, ал оқушылар 570 мыңнан астам психологиялық тест пен сауалнамадан өткен.

Қосымша App Store-дегі Education санаты бойынша тұрақты түрде Top-10 қатарына кіріп, ірі халықаралық EdTech өнімдерімен бәсекеге түсіп келеді. Осындай нақты тәжірибе мен масштаб жобаға халықаралық қызығушылықтың артуына себеп болды.
Аймақтық жетістіктерден халықаралық диалогқа
Соңғы бір жылда WeGlobal AI командасы жобаны Astana Hub, Өзбекстандағы InnoWeek 2025, Digital Bridge сияқты халықаралық алаңдарда таныстырды. Стартап Astana Hub Battle Digital Bridge 2025 байқауында Social Impact номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, 25 мың АҚШ доллары көлемінде грант алды.
BETT UK көрмесінде команда британдық білім беру ұйымдарының өкілдерімен, EdTech-компаниялармен және нарық сарапшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Кездесулер барысында өнімді жергілікті талаптарға бейімдеу және Англия мектептерінде пилоттық жобаны іске қосу мәселелері талқыланды. Nazarbayev University қолдауы жобаның ғылыми және практикалық негізін айқындай түсті.
Менталдық денсаулық - мектеп үшін жаңа стандарт
Бүгінде WeGlobal AI Қазақстан бойынша мектептермен жүйелі түрде жұмыс істеп, мамандарды оқытады, онлайн және офлайн семинарлар өткізеді. Стартап жүздеген мың оқушыға менталдық денсаулық пен кәсіби бағдар саласындағы ғылыми негізделген құралдарға қолжетімділікті кеңейтіп келеді.
Мектептегі психологиялық қолдау біртіндеп қосымша бастама емес, қалыпты стандарт ретінде қабылдана бастады. WeGlobal AI бұрын жүйелі назардан тыс қалған бағыттармен - балалардың эмоционалдық жағдайы мен болашақты саналы таңдаумен жұмыс істеуге көмектеседі.
Жоба командасы алдағы уақытта халықаралық дамуды жалғастырып, менталдық денсаулық пен кәсіби бағдарға сұраныс жоғары басқа нарықтарға да платформаны бейімдеуді жоспарлап отыр.