Bett UK 2026 халықаралық көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбританиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі - Coventry University-ге ресми сапармен барды. Визиттің басты мақсаты - жоғары білім мен технология саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және қазақстандық инженерлік білімнің болашағын талқылау, деп хабарлайды DKNews.kz.


Кездесу барысында университеттің негізгі академиялық және ғылыми-зерттеу құрылымдарының бірі саналатын инженерия мектебіне ерекше назар аударылды. Дәл осы бағыт Coventry University-ді Еуропадағы қолданбалы инженерлік білімнің алдыңғы қатарына шығарып отыр.


Университет басшылығымен тікелей диалог
Сапар аясында министр Coventry University ректоры Джон Лэтэммен, халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Ричард Уэлспен және университеттің жетекші мамандарымен кездесті. Тараптар академиялық алмасуларды ғана емес, технологиялық әріптестікті, бірлескен зерттеулер мен инженерлер даярлау бағытындағы жаңа мүмкіндіктерді талқылады.


Сондай-ақ Coventry University-дің Қазақстандағы қатысуын одан әрі нығайту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде нақты нәтижелер беріп отыр.


Авиациядан виртуалды ортаға дейін
Министрге университеттің автомобиль инженериясы мен авиақұрылыс салаларындағы озық әзірлемелері таныстырылды. Бұдан бөлек, инженерлердің жаңа буынын даярлауда қолданылатын инновациялық технологиялық шешімдер көрсетілді.


Айрықша қызығушылық тудырған нысандардың бірі - визуалды эффектілер мен цифрлық модельдеу бойынша жаңа зертханалар болды. 3D-погружение технологияларымен жабдықталған бұл орталықтар студенттер мен зерттеушілерге авиациялық қозғалтқыштарды, күрделі механизмдер мен өнеркәсіптік құрылғыларды виртуалды ортада егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік береді.


Мұндай тәсіл студенттердің нақты өндіріс жағдайына дайын болуына, практикалық дағдыларды оқу барысында-ақ қалыптастыруға жол ашады.


Қазақстандағы кампус - стратегиялық жоба
Кездесу барысында Coventry University-дің Қазақстан үшін стратегиялық маңызы да ерекше аталды. Еске сала кетейік, 2024 жылы университет Астанада өзінің алғашқы кампусын ашқан болатын.


Қазіргі таңда Coventry University Kazakhstan базасында студенттердің екінші легі білім алып жатыр, ал жалпы білім алушылар саны 430 адамнан асты. Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жүйелі қолдауына ие - дарынды жастарға мемлекеттік білім беру гранттары бөлініп келеді.


Стратегиялық әріптестік және халықаралық сенім
Талқылау барысында Саясат Нұрбек бұл кездесудің Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы жоғары білім, ғылым және инновациялар саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтатын маңызды қадам екенін атап өтті.


Министрдің айтуынша, Қазақстан халықаралық деңгейде озық білім беру модельдері мен технологиялық бастамаларды дамытуда сенімді серіктес ретінде танылып келеді. Ал шетелдік жетекші университеттермен осындай форматтағы ынтымақтастық елдің адами капиталын дамытуға және болашақ инженерлік кадрларды даярлауға тікелей ықпал етеді.