Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Жапонияның Ұлттық архивтері төтенше жағдайлар кезінде архивтік құжаттарды сақтау мәселесіне арналған алғашқы бірлескен онлайн-семинар өткізді. Іс-шараға архив саласының 70-тен астам маманы қатысып, АҚШ, Жапония, Филиппин және Индонезия елдерінің жетекші сарапшылары тәжірибелерімен бөлісті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Семинар 2025 жылғы желтоқсанда екі мекеме арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы алғашқы практикалық қадам болды.

Халықаралық тәжірибе – ортақ алаңда
«Архивтік материалдарды сақтау және төтенше жағдайларға дайындық» тақырыбындағы жиынды Жапония Ұлттық архивтерінің аға вице-президенті Фуруя Итиро ашты. Ол өз сөзінде климаттық өзгерістер, табиғи апаттар мен түрлі тәуекелдер жағдайында архив саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызы арта түскенін атап өтті.

Семинар спикерлері қатарында:
- Реммель Дж. Талабис – Филиппин Ұлттық архивінің бас архившісі;
- Асаба Сахо – Жапония Ұлттық архивінің реставрация секциясының жетекшісі;
- Ахмад Деди Фаози – Индонезия Республикасының Ұлттық архивінің өкілі;
- Эмили Ганье Лёмас – АҚШ-тағы EGL Consultants, LLC компаниясының кеңесшісі болды.
Сарапшылар жер сілкінісі, су тасқыны секілді табиғи апаттар жиі кездесетін елдердегі нақты тәжірибелерін ортаға салды.

Архивтерге төзімділік қалай қалыптасады
Семинар бағдарламасы екі сессиядан тұрды. Алғашқысы архив материалдарын сақтау тәжірибесіне арналса, екінші сессия табиғи апаттар мен төтенше жағдайларға архивтердің дайындық деңгейін арттыру мәселелерін қамтыды.

Қатысушылар:
- архив ғимараттарының қауіпсіздігін күшейту;
- микрофильмдеу мен цифрландыруды қолдану;
- құжаттарды қалпына келтірудің заманауи әдістері
жөнінде жан-жақты ақпарат алды.
Сарапшылардың айтуынша, құжаттарды тек цифрландыру немесе тек микрофильмдеу жеткіліксіз. Ең тиімді нәтиже екі тәсілді қатар қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.

Төрт кезеңдік модель және нақты дайындық
Семинар барысында архивтерді қорғаудың ең тиімді жүйесі төрт кезеңнен тұратыны атап өтілді:
- Алдын алу – қауіп-қатерлердің алдын алу;
- Дайындық – жоспарлау және қызметкерлерді оқыту;
- Әрекет ету – төтенше жағдай кезінде жедел қимыл;
- Қалпына келтіру – құжаттарды сақтау және реставрациялау.
Әсіресе, архив қызметкерлерінің төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдарын тұрақты түрде пысықтау қажеттігіне ерекше назар аударылды. Сарапшылардың пікірінше, қауіпті сәтте әрбір қызметкер не істеу керегін нақты білуі тиіс.

Сұрақтар мен ашық диалог
Семинар соңында қатысушылар пікір алмасып, мамандарға сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды. Негізінен:
- микрофильмдеу мен цифрландыру үшін құжаттарды іріктеу критерийлері;
- халықаралық стандарттар мен әдістемелік ұсынымдарды архив жұмысына енгізу
мәселелері талқыланды.
Халықаралық әріптестік – стратегиялық бағыт
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беріп келеді. Бүгінде архив шетелдік 20-дан астам ұйыммен меморандумдарға қол қойған.
Жапонияның Ұлттық архивтерімен жасалған келісім:
- тәжірибе алмасуды;
- бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын;
- архив саласын цифрландыруды;
- архившілер мен құжаттама мамандарына арналған семинарлар, вебинарлар және конференциялар өткізуді
көздейді.
Алғашқы бірлескен онлайн-семинар бұл әріптестіктің қағаз жүзінде ғана емес, нақты іске көшкенін көрсетті. Ал тарихты сақтау – болашақты сақтаудың маңызды бөлігі екені сөзсіз.