Coventry University Group Қазақстанда екінші кампусын ашуды жоспарлап отыр. Жаңа білім ордасы Алматы қаласында бой көтермек. Бұл шешім университеттің Астанадағы алғашқы кампусының қысқа мерзімде табысты жұмыс істеуінің нәтижесінде қабылданды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Coventry University Kazakhstan 2024 жылы есігін айқара ашып, елордадағы алғашқы британдық университет атанды. Содан бері студенттер саны қарқынды өсіп, университет Қазақстанда 3 500-ге дейін студент оқытуды мақсат етіп отыр.

Алматыдағы екінші кампус та Primus Education LLP серіктестігімен жүзеге асырылады. Бұл бастамаға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбританияға жасаған жұмыс сапары барысында толық қолдау білдірді.
«2024 жылы Қазақстанда Coventry University-дің алғашқы филиалын аштық және ол өзін табысты жоба ретінде көрсетті. Университетке Өзбекстан, Қытай, Франция және Ресейден де қызығушылық жоғары», – деді министр. «Қазақстанда екінші кампус ашу бастамасын толық қолдаймыз. Coventry қаласында инженерлік білімге салынған инвестиция көлемі бізге ерекше әсер қалдырды».
Министр сонымен қатар Қазақстан OpenAI-дың “Education for Countries” бастамасына қатысқан алғашқы елдердің бірі екенін атап өтті. Бұл жоба жасанды интеллектті ұлттық білім беру жүйесіне енгізуге бағытталған.

Инженерлік инфрақұрылыммен танысу
Сапар барысында Саясат Нұрбек Coventry University-дің заманауи инженерлік оқу-зерттеу базасын аралап көрді. Оның ішінде толық қозғалысты авиациялық тренажерлер, аэродинамикалық тоннель, Power Wall цифрлық жүйесі және Harrier Jump Jet ұшағы бар.
Неліктен Алматы?
Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дауленовтің айтуынша, Алматы индустриялық әлеуеті мен өңіраралық байланыстарының арқасында таңдалған.

«Алматы Астанаға қарағанда өндірісі дамыған қала. Сонымен қатар Қытай, Өзбекстан және Қырғызстанмен тығыз экономикалық байланысы бар», – деді ол. «Бұл бізге электр инженериясы, құрылыс менеджменті, жасанды интеллект және азаматтық инженерия бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – Орталық Азиядағы инженерия мен жасанды интеллектке маманданған жетекші британдық университет қалыптастыру».

Қысқа мерзім ішінде Coventry University Kazakhstan 95 студенттен 428 студентке дейін өсті. Ерекше атап өтерлігі – қазіргі студенттердің 95 пайызы шетелдік университеттерден шақырту алған, алайда Қазақстанда білім алуды таңдаған.
«Оқытушылар құрамымыз да кеңейіп келеді. Ғылыми жарияланымдары бар, халықаралық тәжірибесі мол мамандар тартылуда. Жақын арада Coventry University Kazakhstan-тың алғашқы патенті тіркелмек», – деді Мирас Дауленов.
Университет Астанадағы кампусты да кеңейту мүмкіндігін қарастырып отыр. Нәтижесінде Coventry University Қазақстанда екі қалада кампусы бар жалғыз университетке айналуы мүмкін.

Қазақстан – өңірлік білім хабы
Coventry University вице-канцлері әрі Group CEO Джон Лэтэм CBE Қазақстанмен серіктестіктің маңызын атап өтті.
«Қазақстан үкіметімен қалыптасқан әріптестік қарым-қатынасты нығайту біз үшін үлкен мәртебе», – деді ол. «Екінші кампустың ашылуы әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты жастарға сапалы білім алуға мүмкіндік береді».
Сарапшылардың пікірінше, Coventry University-дің кеңеюі Қазақстанның аймақтық білім беру орталығы ретіндегі рөлін күшейтіп, инженерия, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ұлттық стратегияның нақты іске асуын көрсетеді.