Пхукет аралында Қазақстан Республикасының Консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл оқиға қазақ-тай қарым-қатынастарының дамуы жолындағы маңызды кезеңге айналып, екі ел арасындағы дипломатиялық, экономикалық, мәдени және туристік ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін берді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстанның Пхукеттегі Консулдығы аралда ашылған үшінші ресми дипломатиялық өкілдік болып отыр. Бұл өз кезегінде екіжақты байланыстардағы өзара сенімнің жоғары деңгейін және қарым-қатынастардың қарқынды дамуын айқындайды. Қазақстан соңғы жылдары азаматтарына практикалық көмек көрсетуге бағытталған дипломатиялық қатысу аясын жүйелі түрде кеңейтіп келеді.
Кең аумақты қамтитын консулдық округ
Жаңа Консулдықтың округі Таиландтың оңтүстігіндегі 14 провинцияны қамтиды. Мұндай ауқымды география Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге, сондай-ақ өңірде туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.
Консулдық Пхукет пен оған іргелес өңірлердегі қазақстандықтар үшін маңызды тірек орталығына айналмақ.
Жоғары деңгейдегі қатысу
Салтанатты рәсімге Таиланд Сыртқы істер министрінің орынбасары Виджават Исарабхакди, Пхукет провинциясының губернаторы Нират Понгситтаворн, оңтүстік провинциялар басшылығы, мемлекеттік органдардың өкілдері, дипломатиялық корпус, қазақ диаспорасы, бизнес қауымдастық, туристік ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстанның Елшісі Марғұлан Баймұхан өз сөзінде Консулдықтың ашылуын Қазақстан мен Таиланд арасындағы сенімді әрі достық қарым-қатынастардың нақты көрінісі деп атады.
«Пхукет Қазақстан азаматтары үшін маңызды бағыттардың біріне айналды. Консулдықтың ашылуы отандастарымызға жақын болуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, жедел қолдау көрсетуге және Таиландтың оңтүстік өңірлерімен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді», - деді дипломат.
Таиланд: Қазақстанның сенімді әріптесі
Таиланд Сыртқы істер министрінің орынбасары Виджават Исарабхакди тай-қазақ қарым-қатынастарының тұрақты әрі бірізді дамып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстан Таиланд үшін Орталық Азиядағы маңызды әріптес. Пхукетте Консулдықтың ашылуы туризм, сауда, инвестициялар және гуманитарлық алмасулар саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға ықпал етеді», - деді ол.
Пхукет провинциясының губернаторы Нират Понгситтаворн да Қазақстанды Таиландтың сенімді серіктесі ретінде атап өтіп, жаңа Консулдық туризм мен мәдени алмасуларға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Мәдениет арқылы жақындасу
Іс-шараның салтанатты бағдарламасы домбырамен орындалған музыкалық шығармалармен әрленді. Қазақтың ұлттық аспабы қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырып, мәдени диалог пен өзара түсіністік атмосферасын қалыптастырды. Сонымен қатар қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды.
Пхукет - қазақстандықтар үшін маңызды бағыт
Пхукет Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші туристік орталықтардың бірі саналады. Жыл сайын Таиландқа шамамен 35 млн шетелдік турист келеді, оның 12 млн-ға жуығы Пхукет аралына тиесілі. 2025 жылы Таиландқа 200 мыңға жуық Қазақстан азаматы барған.
Консулдық округіне Таиландтың оңтүстігіндегі 14 провинция кіреді: Чумпхон, Краби, Накхон Си Тхаммарат, Наратхиват, Паттани, Пхангнга, Пхаттхалунг, Пхукет, Ранонг, Сатун, Сонгкхла, Сурат Тхани, Транг және Яла.
Пхукетте Қазақстан Консулдығының ашылуы екі ел арасындағы серіктестікті одан әрі тереңдетуге, азаматтардың мүддесіне сай келетін жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстан мен Таиланд халықтары арасындағы достықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.