Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы Қазақстанның Мажарстандағы Құрметті консулдары Ласло Хорват және Габор Шагимен бөлек жұмыс кездесулерін өткізді. Кездесулер қазақ-мажар ынтымақтастығын өңірлік деңгейде дамыту мәселелеріне арналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Экономикадан мәдениетке дейін
Тараптар экономика, инвестициялар, логистика, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылдың өзекті бағыттарын талқылады. Әсіресе өңіраралық байланыстарды кеңейту арқылы екі ел арасындағы серіктестікті нақты жобалармен толықтырудың маңыздылығы атап өтілді.
Елші өңірлік ынтымақтастықтың Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге көтеретін маңызды тетік екенін айтты.
2025 жылдың қорытындысы және 2026 жылғы жоспарлар
Кездесулер барысында 2025 жылғы бірлескен жұмыстың нәтижелері қорытындыланып, 2026 жылға арналған жоспарлар талқыланды. Оның ішінде бірлескен экономикалық, мәдени және мәдени-гуманитарлық іс-шараларды өткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар өңірлік деңгейдегі практикалық өзара іс-қимыл, қоғамаралық байланыстарды дамыту және мәдени-гуманитарлық күн тәртібін кеңейту жолдары қаралды.

Құрметті консулдардың рөлі
Абзал Сапарбекұлы Құрметті консулдардың Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды ілгерілетудегі, сондай-ақ Мажарстан өңірлерінде Қазақстанның оң имиджін қалыптастырудағы ерекше рөлін атап өтті.
Өз кезегінде Құрметті консулдар өздерінің консулдық округтеріндегі атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар туралы ақпарат беріп, практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге қатысты ұсыныстарын білдірді. Олар Елшілікпен бірлескен бастамаларды одан әрі үйлестіруге дайын екендерін жеткізді.
Диалог жалғасады
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар қазақ-мажар ынтымақтастығының басым бағыттары бойынша тұрақты байланыстарды сақтауға және өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.
Ласло Хорваттың консулдық округіне Каргац қаласы, сондай-ақ Бач-Кишкун, Бекеш, Чонград-Чанад, Хайду-Бихар, Яс-Надькун-Сольнок, Пешт және Сабольч-Сатмар-Берег облыстары кіреді. Габор Шагидің консулдық округіне Веспрем қаласы, сондай-ақ Ваш, Веспрем және Фейер облыстары жатады.