Африка Қазақстандағы реформаларға қызығушылық танытты - Аддис-Абебадағы кездесу

1100
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Панафрикалық парламент өкілі Ұлттық құрылтай шешімдерін жоғары бағалады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, ҚР-дың Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаев Аддис-Абебада Панафрикалық Парламенттің Вице-Президенті, Эфиопия Ұлттық ассамблеясының депутаты Ашебиро Гайомен кездесу өткізді. Келіссөздердің басты өзегі - парламентаралық ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанда жүзеге асып жатқан саяси реформалармен таныстыру болды.

Ұлттық құрылтай шешімдері халықаралық назарда

Кездесу барысында қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны 20 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысының қорытындыларымен егжей-тегжейлі таныстырды. Әсіресе Мемлекет басшысының елді жаңа саяси модельге көшіру жөніндегі бастамаларына ерекше мән берілді.

Аталған модель заң шығарушы билік жүйесін трансформациялауды, Вице-президент лауазымын енгізуді, ұлттық-азаматтық бірегейлікті нығайтуды, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді көздейді.

«Қазақстан терең институционалдық трансформация кезеңінен өтуде. Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдер мемлекетімізді бұдан да тиімді әрі орнықты ететін жаңа саяси архитектураның негізін қалайды», - деді Жалғас Әділбаев.

Африка үшін маңызды тәжірибе

Панафрикалық Парламенттің Вице-Президенті Ашебиро Гайо Қазақстанның реформалар жүргізу жолына ерекше қызығушылық білдірді. Ол Алматыда өткен студенттік жылдарын жылы сезіммен еске алып, Қазақстанмен өзін рухани тұрғыда байланысты сезінетінін айтты.

Оның сөзінше, демократиялық өзгерістер жолына түскен көптеген Африка елдері үшін Қазақстанның тұрақтылықты сақтай отырып, саяси жүйені кезең-кезеңімен жаңғырту тәжірибесі аса өзекті.

А. Гайо сондай-ақ Қазақстанның дамуын жіті бақылап отырғанын атап өтіп, ел басшылығының мемлекетті жаңғыртудағы және көршілес мемлекеттермен, халықаралық серіктестермен сындарлы қарым-қатынасты нығайтудағы жетістіктерін жоғары бағалады.

Саясаттан экономикаға дейін

Кездесу аясында тараптар халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Астана мен Аддис-Абеба арасындағы екіжақты байланыстарды өзара тиімді әріптестіктің жаңа сапалы деңгейіне көтеру үшін бірлескен жұмыс жүргізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Әділетті Қазақстан» - тұрақты дамудың жаңа бағдары

Кездесу соңында Ашебиро Гайо Қазақстан халқына конституциялық түзетулер бойынша өтетін алдағы жалпыұлттық референдумның сәтті өтуін тіледі. Оның айтуынша, «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы Еуразия кеңістігінде тұрақты даму мен теңгерімді реформалардың маңызды үлгісіне айналып келеді.

Сарапшылардың пікірінше, Африка елдерінің Қазақстандағы өзгерістерге қызығушылық танытуы - елдің халықаралық беделі мен реформаларға деген сенімнің артқанын көрсетеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -