Тоқаев Модиді Республика күнімен құттықтап, Үндістанның халықаралық аренадағы рөлін жоғары бағалады

1012
Фотосурет: Akorda

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Модиге Республика күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Құттықтауында Мемлекет басшысы Премьер-министрдің дана әрі көреген басшылығымен Үндістанның нық алға басып, экономикалық даму жолында елеулі жетістіктерге қол жеткізіп отырғанын және азаматтарының тұрмыс деңгейін жүйелі түрде арттырып келе жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл табыстар жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігі мен елдің стратегиялық бағытының дұрыстығын айқын көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанның халықаралық аренадағы маңызды рөліне де назар аударды. Оның сөзінше, бүгінде ел әлемдік саясат пен экономикада барған сайын айқын орын алып, орнықты даму мен жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге қомақты үлес қосып отыр.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қазақстан мен Үндістан арасындағы достық және серіктестік қатынастардың маңызын ерекше атап өтіп, оларды одан әрі нығайтуға және ынтымақтастықты кең ауқымды бағыттар бойынша дамытуға дайын екенін білдірді.

Қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Нарендра Модиге мемлекеттік қызметінде табыс, ал достас Үндістан халқына бақ-береке, өркендеу және одан әрі даму тіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -