АҚШ-та жүк көлігі бос тұрса, бұл жай ғана техниканың тоқтауы емес – бұл нақты ақша жоғалту. Бір жүргізуші табылмаса, рейс жүрмейді, келісімшарт кейінге қалады, компания шығынға батады. Осындай жағдайда америкалық трак-индустрия бүгінде кадр тапшылығымен бетпе-бет келіп отыр. Дәл осы мәселеге қазақстандық Call2action.ai стартабы нақты шешім ұсынып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Astana Hub халықаралық инновациялық кластерінің қатысушысы саналатын стартап соңғы үш айдың ішінде АҚШ-та 30-дан астам көлік компаниясын өз платформасына қосты. Олардың қатарында толыққанды коммерциялық клиенттер де, қазірдің өзінде ақылы модельге өтіп жатқан пилоттық жобалар да бар. Платформаны пайдаланатын компаниялардың жиынтық автопаркі бүгінде 2 000-нан астам жүк көлігін қамтиды.
Бір бос орын – бір шығын
АҚШ-тағы жүк тасымалы нарығы шамамен $1,3 трлн-ға бағаланады. Бірақ нарық қаншалықты ауқымды болса да, басты проблемалардың бірі әлі күнге дейін шешілмей келеді – жүргізушілердің жетіспеуі. Кейбір сегменттерде кадр ауысымдылығы жылына 100 пайыздан асады. Бұл дегеніміз, компания бір жүргізушіні тапқанша, екіншісі кетіп үлгереді.
Call2action.ai осы тұста ойын ережесін өзгертуді көздейді. Стартап жүк тасымалы саласындағы жүргізушілерді жалдау үдерісін толық автоматтандырады. Мұнда мәселе тек резюме жинауда емес. Платформа жалдаудың бүкіл циклін қамтиды – кандидаттарды іздеуден бастап, сұхбат жүргізу, бағалау және қызметкердің жұмысқа нақты шығуына дейін.
Рекрутер ретінде жасанды интеллект
Платформаның басты ерекшелігі – жасанды интеллектіге негізделген рекрутер-агент. Ол кандидаттармен алғашқы сұхбатты адамсыз-ақ жүргізе алады. Жүйе үміткерге сұрақ қояды, оның жауаптарын талдайды, белгіленген критерийлерге сәйкестігін тексереді және нәтижесін HR-командаға дайын түрде ұсынады.
Осылайша, HR-мамандар уақытын жүздеген қоңырауға емес, нақты шешім қабылдауға жұмсайды.
«Call2action.ai компаниясының АҚШ нарығы мен трак-индустрияға бағытталған стратегиялық фокусы AlchemistX акселераторына қатысу кезінде қалыптасты. Сала өкілдерімен сөйлесе отырып, мәселенің қаншалықты ауқымды екенін түсіндік. Жүк тасымалы нарығы алып, ал жүргізушілердің ауысымдылығы өте жоғары. Бұл бастапқы жалдау кезеңін автоматтандыру тасымалдаушыларға нақты, өлшенетін нәтиже бере алатынын көрсетті. Алғашқы коммерциялық сұранысты іске қосылған сәттен кейін бірден алдық – жіберілген шот келесі күні төленді. Бұл біз үшін шешімнің өзектілігін дәлелдеген маңызды белгі болды», – дейді Call2action.ai негізін қалаушы әрі бас директоры Ерсұлтан Жүнісақынов.
Нәтиже сөзбен емес, цифрмен
Алғашқы енгізулердің нәтижесі де әсерлі. Клиенттердің айтуынша, жүргізушілерді жалдау уақыты шамамен 3 есеге қысқарған. Ал HR-командалар бұрын қолмен скрининг пен бастапқы қоңырауларға кететін уақыттың 60-70 пайызын үнемдей бастаған.
Бұдан бөлек, кандидаттардың конверсиясы да артқан. Себебі сұхбат бірден өткізіледі, компаниялар шешімді тез қабылдайды, ал үміткерлер ұзақ күту кезеңінде басқа жұмысқа кетіп қалмайды.
Инвестиция және ауқымды жоспар
2025 жылдың қазан айында Call2action.ai стартабы $500 000 көлемінде инвестиция тартты. Оның $200 000-ын MOST Ventures қоры салса, қалған қаражат АҚШ-тағы жеке бизнес-періштелерден алынған. Бұл инвестициялар өнімді одан әрі дамытуға, команданы кеңейтуге және америкалық нарықтағы сатуды күшейтуге бағытталды.
АҚШ-қа толық фокус жасамас бұрын, команда өнімді Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде сынақтан өткізген. Алғашқы гипотезалар тексеріліп, клиенттердің нақты кері байланысы осы өңірде жиналды. Алайда масштаб, нарық көлемі және төлем қабілеті АҚШ-ты негізгі бағытқа айналдырды.
Қазір стартап ірі тасымалдаушылардың қажеттіліктеріне сай платформаның функционалын кеңейтуді, коммерциялық клиенттер санын арттыруды, серіктестіктерді күшейтуді және салалық іс-шараларға белсенді қатысуды жоспарлап отыр. Ұзақ мерзімді мақсат – логистика және оған іргелес салаларда жоғары көлемді жалдау үшін жаһандық жасанды интеллект платформасын құру.

Орталық Еуразиядан Кремний алқабына дейін
Call2action.ai қатысқан AlchemistX бағдарламасы – АҚШ-тағы жетекші B2B-акселераторлардың бірі саналатын Alchemist Accelerator-дің Орталық Еуразияға арналған арнайы бағыты. Бағдарлама стартаптарға product-market fit кезеңінен бастап, масштабталатын бизнес-модель мен тиімді Go-to-Market стратегиясын құруға дейін көмектеседі.
Бағдарлама Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Өзбекстан Республикасының Цифрлық технологиялар министрлігі, Astana Hub, Astana Hub Ventures, IT Park Uzbekistan және IT Park Ventures қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Бұл оқиға қазақстандық стартаптардың әлемдік нарыққа идеямен емес, нақты шешіммен және төлеуге дайын клиенттермен шығып жатқанын тағы бір рет көрсетеді.
