ЕҚДБ Қазақстанның капитал тартудағы көшбасшылық рөлін атап өтті

1067
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан Орталық Азия өңірінде тарихи тұрғыдан тартылған шетелдік инвестициялар көлемі бойынша көшбасшы мәртебесін сақтап келеді. Бұл - жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, ел экономикасына деген халықаралық сенімнің жылдар бойы қалыптасқан нәтижесі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл туралы Орталық Азия мен Моңғолия бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің басқарушы директоры Хусейн Озхан Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысы аясында өткен жұмыс сессияларында мәлімдеді. Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық етті.

Хусейн Озханның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан өңірдегі шетелдік капитал үшін негізгі тартылыс орталығы болып отыр. Мұнда сөз тек жекелеген жобалар туралы емес, экономиканың әртүрлі салаларын қамтитын ұзақ мерзімді инвестициялар жөнінде болып отыр.

«Қазақстан Орталық Азия өңірінде осы көрсеткіш бойынша сөзсіз көш бастап тұр. Еуропалық қайта құру және даму банкі ұлттық экономиканың әртүрлі салаларына инвестиция салып отырған шетелдік инвесторлардың сенімді серіктесі болғанын мақтан тұтады», - деді ол.

Ел ішінде нақты нәтиже беріп жатқан инвестициялар

Өткен жылы іске асырылған жобалардың нақты мысалдары ретінде жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған бастамалар аталды. Атап айтқанда, фармацевтика саласында локалды өндірісті дамытуға арналған жоба жүзеге асырылды. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті төмендетуге және отандық өндірістің үлесін арттыруға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар тағамдық қоспалар өндіру секторында қаржыландыру қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, өндірістік қуаттарын кеңейту және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Қазақстанға инвестиция салып отырған халықаралық және еуропалық компанияларға қолдау көрсетілді.

Мемлекет пен инвестор арасындағы ашық диалог алаңы

Кездесу барысында Шетелдік инвесторлар кеңесінің мемлекет пен ірі инвесторлар арасындағы негізгі диалог алаңы ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді. Бұл формат жүйелі мәселелерді, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізу шарттарын тікелей талқылауға мүмкіндік береді.

«Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы инвестициялық нарықтың жетекші қатысушыларын біріктіріп, олардың қызметін үйлестіруге ықпал етіп келеді. Осындай өзара іс-қимылдың арқасында Қазақстан инвестициялық тартымдылығын сақтап қана қоймай, жаһандық экономикалық өзгерістерге бейімделу қабілетін де көрсетіп отыр.

Қазіргі құбылмалы әлемдік экономика жағдайында тұрақтылық, болжамдылық және ашық диалогқа дайындық инвесторлар үшін шешуші факторға айналуда. Халықаралық қаржы институттарының бағалауы бойынша, Қазақстан осы талаптарға толықтай жауап беріп келеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -