Қазақстан мен Таиланд: демократия мен тиімді басқару бойынша серіктестікке жол ашылды

803
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұхан Бангкокта Король Праджадипок институтының Бас хатшысы Иссара Сириваттханавутпен кездесті. Әңгіме өзегі - мемлекеттік басқаруды жаңғырту, парламентаризмді дамыту және басқарушы кадрларды даярлау салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, деп хабарлайды DKNews.kz.

Король Праджадипок институты Таиландтағы демократия, конституционализм, саяси үдерістер және тиімді мемлекеттік басқару бойынша жетекші ұлттық орталық саналады. Мұнда ел мен провинциялар басшылығына арналған білім беру бағдарламалары, біліктілікті арттыру курстары, қолданбалы зерттеулер мен кеңес беру қызметі жүйелі түрде жүргізіледі. Институт мемлекеттік органдармен, парламенттік құрылымдармен және халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істейді.

Саяси жаңғырту тәжірибесімен бөлісу

Кездесу барысында тараптар мемлекеттік басқару, қоғамдық даму, парламентаризм, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға кадр даярлау бағытындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады. Қазақстан мен Таиландтың бейінді ғылыми-білім беру және талдау құрылымдары арасында әріптестік орнату мүмкіндіктері де күн тәртібінде болды.

Марғұлан Баймұхан таиландтық әріптестеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында айқындалған саяси жаңғыртудың негізгі басымдықтарын жан-жақты түсіндірді. Реформалардың өзегі - «Әділетті Қазақстанды» құру, «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру.

Конституциялық комиссия және жүйелі өзгерістер

Елші Мемлекет басшысының Конституциялық комиссия құру жөніндегі шешіміне ерекше тоқталды. Бұл комиссия мемлекеттік құрылымды одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды жүйелі түрде жинақтап, конституциялық өзгерістер пакетін әзірлеуді және оны кейін жалпыұлттық референдумға шығаруды көздейді.

Марғұлан Баймұхан елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістердің қайтымсыз екенін атап өтіп, олардың азаматтардың нақты қажеттіліктеріне бағдарланған тиімді әрі ашық мемлекет қалыптастыруға, сондай-ақ орнықты демократиялық институттарды дамытуға бағытталғанын айтты.

«Қазақстан Таиланд Корольдігінің бейінді институттарымен практикалық әрі мазмұнды ынтымақтастыққа ашық. Сарапшылар алмасу, бірлескен зерттеулер мен білім беру бағдарламалары елдеріміздің кадрлық әлеуетін дамытуға елеулі үлес қоса алады», - деді Елші.

Бірлескен жобаларға қызығушылық

Өз кезегінде Иссара Сириваттханавут қазақстандық ғылыми-білім беру және талдау ұйымдарымен әріптестік орнатуға қызығушылық білдірді. Ол салыстырмалы зерттеулер, парламенттік қызмет тәжірибесімен алмасу, демократия институттарын дамыту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру бағыттарында ынтымақтастық әлеуетінің жоғары екенін атап өтті.

Тараптар бірлескен семинарлар мен конференциялар өткізу, сарапшылар мен білім беру бағдарламалары тыңдаушыларын алмастыру, сондай-ақ ортақ зерттеу жобаларын іске асыру сияқты нақты форматтарды талқылады.

Келесі қадам - Қазақстанға сапар

Кездесу қорытындысы бойынша Король Праджадипок институтының Бас хатшысының Қазақстанға сапарын пысықтау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сапар аясында мемлекеттік органдармен, ғылыми-білім беру және талдау құрылымдарымен мазмұнды кездесулер өткізу, сондай-ақ практикалық өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын айқындау жоспарланып отыр.

Бұл кездесу Қазақстанның басқару сапасын арттыруға бағытталған халықаралық серіктестікті кеңейтуге мүдделі екенін көрсетеді. Ал Таиландтың жетекші институтымен диалог тәжірибе алмасуға ғана емес, екі ел үшін де пайдалы ұзақмерзімді жобаларға жол ашуы мүмкін.

 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -