Ташкентте Қазақстандағы конституциялық реформалар талқыланды

1056
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған конституциялық реформаларға арналған дөңгелек үстел өтті. Талқылауға Мемлекет басшысының 2026 жылғы 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтқан бастамалары мен «Turkistan» газетіне берген сұхбатында көтерілген негізгі идеялар арқау болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шара өңірлік деңгейдегі маңызды пікірталас алаңына айналды. Кездесуге Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасы мен Сенатының депутаттары, шет мемлекеттердің елшілері мен дипломатиялық миссия өкілдері, сондай-ақ сараптамалық орталықтардың мамандары, сарапшылар мен журналистер қатысты.

Жаңа саяси архитектураға қадам

Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов өз сөзінде конституциялық реформалардың негізгі бағыттарына тоқталып, Конституциялық комиссия жұмысының басталғанын хабарлады. Ол реформалардың түпкі мақсаты мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оны қазіргі заман талаптарына бейімдеу екенін атап өтті.

Әсіресе бірпалаталы Парламентке көшу, «Халық кеңесі» атты жаңа қоғамдық институтты құру және Вице-президент лауазымын енгізу бастамаларына ерекше назар аударылды. Бұл өзгерістер билік жүйесінің тиімділігін арттыруға және қоғамның шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуге бағытталғаны айтылды.

Сыртқы саясат және өңірлік тұрақтылық

Елші өз баяндамасында Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарына да тоқталды. Оның айтуынша, дипломатия елдің ішкі реформаларымен тығыз байланысты және өңірлік әрі жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Осы тұрғыда Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы мен Жаһандық бейбітшілік кеңесінің құрылуы халықаралық диалогты нығайтуға бағытталған қадамдар ретінде атап өтілді. Бұл бастамалар Қазақстанның бейбітшілік пен сенімге негізделген саясат ұстанатынын көрсетеді.

Өзбекстан тарапынан қызығушылық жоғары

Дөңгелек үстел барысында Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасының депутаттары, дипломатиялық корпус өкілдері мен сарапшылар өз пікірлерін білдірді. Олар Қазақстанда қолға алынған реформалардың ауқымдылығын және олардың тек бір елдің шеңберінде қалмай, бүкіл Орталық Азияның ұзақмерзімді дамуына әсер ететінін атап өтті.

Депутаттар Дилором Файзиева мен Илхом Абдуллаев реформалардың жүйелілігіне назар аударып, олардың іске асырылу барысын жіті бақылауға дайын екендерін жеткізді. Сарапшылар да бұл өзгерістер өңірлік саяси мәдениетті жаңғыртуға серпін беруі мүмкін екенін айтты.

Сарапшылар диалогы

Ғылыми-сараптамалық қауымдастық атынан бірқатар беделді мамандар сөз сөйледі. Олар Қазақстандағы конституциялық реформаларды өңірлік контекстте бағалап, Өзбекстанның 2023 жылғы реформаларымен салыстырмалы талдау жасады.

Дипломатиялық корпус атынан Әзербайжанның Өзбекстандағы Елшісі Гусейн Гулиев өңірлік күн тәртібіндегі өзгерістерге қатысты өз көзқарасын білдіріп, реформалардың халықаралық маңызын атап өтті.

Ашық пікір алмасу

Кездесу соңында сарапшылар Равшан Назаров пен Бахтиёр Эргашевтің қатысуымен мазмұнды пікірталас өтті. Тараптар конституциялық өзгерістердің саяси тұрақтылық пен ұзақмерзімді даму үшін маңызын талқылады.

Іс-шараны қорытындылаған Бейбіт Атамқұлов Өзбекстанның 2023 жылғы конституциялық реформасы барысында жинақталған тәжірибенің құнды екенін атап өтіп, ашық сараптамалық диалог Қазақстан үшін де, бүкіл өңір үшін де теңгерімді әрі тиімді шешімдер қабылдауға жол ашатынына сенім білдірді.

Ташкенттегі бұл талқылау Қазақстандағы реформаларға көрші елдердің жоғары қызығушылық танытып отырғанын және олардың өңірлік маңызы бар екенін тағы бір мәрте көрсетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -