Қазақстан мен Вьетнам арасындағы экономикалық байланыстар соңғы жылдары жаңа мазмұнмен толығып келеді. Бұл үрдіс Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Вьетнам Социалистік Республикасы Премьер-министрінің тұрақты орынбасары Нгуен Хоа Бин арасындағы кездесуде айқын көрінді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Келіссөз барысында тараптар соңғы 30 жылдан астам уақытта екі ел арасында саяси диалогтың тұрақты дамып, үкіметаралық және парламентаралық өзара іс-қимылдың нығайғанын атап өтті. Енді бұл әріптестік нақты экономикалық мақсаттармен бекітіліп отыр.

Сауда айналымын екі есе арттыру мақсаты
Серік Жұманғариннің айтуынша, екі ел басшылары ынтымақтастықты тереңдетудің нақты бағытын айқындаған. Басым бағыттар қатарында сауда мен инвестиция, көлік және логистика, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ ақпараттық технология салалары бар.
Қазақстан 2026 жылға қарай өзара тауар айналымын екі есе арттыруды көздеп отыр. Осы мақсатта биылғы жылдың ортасында Вьетнамға арнайы сауда-экономикалық миссия жіберу жоспарланған. Бұл миссия формалды сапар емес, нақты келісімдер мен жаңа жобаларға жол ашатын қадам ретінде қарастырылады.
Сегіз жылдан кейінгі алғашқы бидай экспорты
Кездесуде Қазақстанның сегіз жыл ішінде алғаш рет Вьетнамға 15 мың тоннадан астам бидай экспорттағаны ерекше атап өтілді. 2025 жылы қазақстандық астықты контейнерлерді қайта жүктемей, мультимодальды логистика арқылы тікелей жеткізу тәжірибесі іске асырылды.
Бұл тәсіл жеткізу мерзімін қысқартып, шығынды азайтты. Нәтижесінде Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азия елдері үшін сенімді азық-түлік жеткізуші ретіндегі позициясын нығайта түсті.

Экспортты кеңейтуге мүмкіндік бар
Бидаймен шектелмей, экспорттық әлеуетті ұн, ет және сүт өнімдері, сондай-ақ майлы дақылдар есебінен арттыру мүмкіндігі бар. Осыған байланысты қазақстандық тарап ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді жандандырып, оған ауыл шаруашылығы жөніндегі кіші комитеттің екінші отырысы аясында қол қоюды ұсынды.
Мұндай құжаттар аграрлық өнім экспортын жүйелі әрі тұрақты ету үшін шешуші рөл атқарады.
«Орта дәліз» – теңізге балама бағыт
Көлік-логистика саласы да келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі болды. Вьетнамдық тарапқа Оңтүстік теңіз бағытымен салыстырғанда жүк жеткізу мерзімін 3–4 есе қысқартуға мүмкіндік беретін Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни «Орта дәлізді» кеңінен пайдалану ұсынылды.
Қазақстан бұл бағыт аясында оңтайлы логистикалық жағдай жасауға және бірлескен жобаларды дамытуға дайын екенін білдірді. Әсіресе жеңіл өнеркәсіп пен автомобиль жасау салаларындағы кооперацияға басымдық беріліп отыр.
Әуе қатынасы да күшеймек
Экономикалық байланыстарды жандандыру үшін әуе қатынасының маңызы зор. 2026 жылы Ханой – Алматы – Прага бағыты бойынша VietJet Air компаниясының тұрақты рейсін іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Астана мен Ханой арасында тікелей әуе қатынасын ашу, сондай-ақ Алматы – Хошимин рейсін қайта қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл қадамдар туризмге де, бизнес байланыстарға да серпін беруі мүмкін.

Вьетнам капиталы Қазақстанға келе бастады
Инвестициялық ынтымақтастық та жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Қазір Қазақстанда Вьетнам капиталының қатысуымен бірнеше жоба іске асырылуда. Олардың қатарында Алматы облысындағы Ak Bulak Village туристік кешені мен Қонаев қаласындағы «Арна» индустриялық аймағында салынатын азық-түлік өндіру зауыты бар. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі – 90 млн доллар.
Іскерлік кеңес және қаржы орталығына қызығушылық
Тараптар сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның рөлін ерекше атап өтті. Оның кезекті отырысын маусым–шілде айларында өткізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге биыл Қазақстан–Вьетнам іскерлік кеңесін құру туралы меморандумға қол қою көзделген.
Нгуен Хоа Бинь екі ел арасындағы дәстүрлі достықты атап өтіп, аймақаралық ынтымақтастықты қоса алғанда, әріптестікті кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Ол сондай-ақ Хошиминде қаржы орталығын құру жоспары аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту тәжірибесіне қызығушылық білдірді.
Нені аңғартады бұл кездесу
Бұл келіссөздер Қазақстан мен Вьетнамның жай ғана серіктес емес, ұзақмерзімді экономикалық әріптеске айналып келе жатқанын көрсетеді. Астық экспорты, логистика, инвестиция және әуе қатынасы – осының бәрі нақты нәтижеге бағытталған қадамдар.
Егер жоспарлар толық жүзеге асса, Вьетнам Қазақстан үшін Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды нарықтардың біріне, ал Қазақстан Вьетнам үшін сенімді транзиттік әрі азық-түлік серіктесіне айналуы әбден мүмкін.