Стратегиялық одақ: Қазақстан мен Пәкістан қандай келісімдерге келді

1144
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

2026 жылғы 4 ақпанда Исламабадта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифтің келіссөздері өтті. Алдымен шағын құрамда басталған кездесу кейін екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген форматта жалғасты. Бұл – Мемлекет басшысының Пәкістанға Президент ретіндегі алғашқы мемлекеттік сапары, әрі ол екіжақты қатынастардағы жаңа кезеңді айқындады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Президент сапардың тарихи маңызын атап өтті және Пәкістанның бай тарихы мен мәдени мұрасына жоғары баға берді.

«Қазақстан Президенті ретінде Пәкістанға бірінші рет мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Бұл сапар тарихи мәнге ие және уақыт тезінен өткен серіктестігіміздің маңызды кезеңі саналады. Мен бұған сенімдімін. Халықтарымыздың Жібек жолы арқылы және кең таралған ислам өркениеті аясында ғасырлар бойы қалыптасқан достығын жоғары бағалаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Символика және жаңа белес

Мемлекет басшысы бұл сапардың Қазақстан мен Пәкістан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуымен тұспа-тұс келуінің символдық мәнін атап өтті. Оның айтуынша, Пәкістан Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бері Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес болып келеді.

Келіссөздердің басты саяси нәтижелерінің бірі – Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қою. Президент бұл құжатты өзара ықпалдастықтың жаңа тарауын ашатын тарихи меже ретінде бағалады.

«Бүгін қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация өзара ынтымақтастыққа жол ашатын маңызды тарихи межені айқындайды», – деді Мемлекет басшысы.

Экономика мен инвестиция – келіссөз өзегінде

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Пәкістанмен қарым-қатынасты прагматикалық арнада дамытуға дайын екенін айтты. Ол Исламабадқа үлкен делегациямен және сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар пакетімен келгенін жеткізді.

Кездесуде көлік бағыттарын өзара ұштастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл – Қазақстан үшін стратегиялық басымдық. Ел Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын негізгі транзиттік торапта орналасқан.

«Осы орайда Қазақстан көлік-логистика саласындағы нақты жобаларды жүзеге асыруды, соның ішінде Орталық Азия елдерімен тығыз үйлесімде атқаруды жалғастырады», – деді Президент.

Сондай-ақ энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және қаржы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Көпжақты форматтағы үйлесім

Тараптар Қазақстан мен Пәкістанның БҰҰ, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимылды күшейтуінің маңызын атап өтті. Мұндай үйлесім өңірлік тұрақтылықты нығайтуға және жаһандық күн тәртібіндегі ұстанымдарды жақындатуға мүмкіндік береді.

Пәкістанның ұстанымы: «Қазақстан – стратегиялық серіктес»

Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф Қазақстан Президентін Исламабадта жылы қабылдап, екі ел арасындағы серіктестіктің ерекше маңызын атап өтті.

«Елімізге арнайы уақыт тауып келгеніңіз үшін Сізге алғыс айтамыз. Пәкістан халқымен, Үкіметімен бірге Сізді қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз», – деді Шахбаз Шариф.

Ол Пәкістанның Қазақстан Үкіметімен экономика, саясат, қорғаныс салаларында, сондай-ақ сауда дәліздерін қалыптастыру бағытында тығыз әрі сенімді әріптестік орнатуға ниетті екенін жеткізді.

«Достығымызды нығайтып, сенімді серіктестік орнату үшін Қазақстан Үкіметімен барлық бағытта бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», – деп толықтырды Премьер-министр.

Шахбаз Шарифтің айтуынша, екі ел арасында энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге әлеует жеткілікті. Ол барлық бағыт бойынша нақты әрі өлшенетін нәтижелерге қол жеткізудің маңызын атап өтті.

Алдағы қадамдар

Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Президент биылдың өзінде мәртебелі мейманды қабылдап, қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуын пысықтауға және серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін айтты.

Исламабадтағы бұл келіссөздер Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынастың декларативті деңгейден нақты экономикалық және стратегиялық серіктестікке өтіп жатқанын көрсетті. Бұл диалог екі ел үшін ғана емес, Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы байланыстарды күшейту тұрғысынан да маңызды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -