Тоқаев Исламабадта: стратегиялық серіктестік, 1 млрд долларлық мақсат және жаңа көлік дәліздері

825
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынастар жаңа кезеңге өтті. 2026 жылғы 4 ақпанда Исламабад қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөз сөйледі. Президенттің мәлімдемесі екі елдің саяси диалогтан нақты экономикалық және инфрақұрылымдық серіктестікке көшкенін айқын көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Пәкістан – Қазақстанның сенімді әрі маңызды серіктесі»

Президент ең алдымен Пәкістан тарапының көрсеткен құрметі мен қонақжайлығына алғыс білдірді.

«Тарихы терең, мәдениеті бай, халықаралық сахнадағы беделі биік бауырлас Пәкістанға келгеніме қуаныштымын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі халықты Ұлы Жібек жолынан бастау алған тағдырлы байланыс пен рухани сабақтастық жалғап тұрғанын атап өтті.

«Пәкістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы және одан тысқары жерлердегі сенімді әрі маңызды серіктесі. Құндылықтарымыз бен дәстүрлеріміз үндес, ниетіміз бен мұратымыз ортақ», – деді Президент.

Келіссөздердің басты нәтижесі – Қазақстан мен Пәкістан арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойылуы болды.

«Бұл құжат өзара байланыстарды жаңа деңгейге көтеріп, екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты кеңінен дамытуға жол ашады», – деді Мемлекет басшысы.

Пәкістанның рөлі және халықаралық беделі

Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін елін алға бастаған көреген көшбасшы ретінде сипаттады.

«Шахбаз Шарифтің келешекке бағдарланған салиқалы саясаты Исламабадтың аймақтағы және әлемдегі беделін нығайтып келеді», – деді ол.

Президент Пәкістанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және елдің аймақтық тұрақтылыққа қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.

«Пәкістанның экономикалық әлеуеті зор, өнеркәсіптік базасы дамыған, көлік-транзит мүмкіндіктері мол. Достас халықтың әрбір жетістігін шын жүректен жоғары бағалаймыз», – деді Мемлекет басшысы.

Сауда, логистика және 1 млрд долларлық меже

Президент келіссөздердің мазмұнды әрі нәтижелі өткенін айтты.

«Сауда, көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика, ақпараттық технологиялар, мәдени-гуманитарлық мәселелер жан-жақты талқыланды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, сауда-экономикалық байланыстар қарқынды дамып келеді.

«Былтыр екіжақты сауда көлемі екі есеге артты. Алдағы жылдары тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу туралы өте өршіл мақсат қойдық», – деді Президент.

Бұл бағытта кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға және көлік-логистика жобаларына басымдық берілмек.

Карачи мен Гвадар, Ауғанстан арқылы өтетін бағыттар

Келіссөздер барысында Пәкістанның транзиттік әлеуеті Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны айтылды.

«Карачи және Гвадар порттарының әлеуетін, Транскаспий көлік дәлізін және Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік бағыттарды талқыладық», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы темір жол жобасының перспективасы қарастырылды. Бұл бастама Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы байланысты күшейтуі мүмкін.

Авиация, агроөнеркәсіп және өндіріс

Президент екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта жандандыру мүмкіндігі зерттелетінін айтты.

«Бұл бизнес пен туризмді дамыту үшін өте өзекті», – деді ол.

Агроөнеркәсіп кешенінде бірлескен өндірістер ашуға бағытталған келісімдерге де тоқталды.

«Пәкістан компанияларын Қазақстанда өндіріс орындарын ашуға шақырдым. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, фармацевтика және құрылыс материалдары салаларына қызығушылық жоғары», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қауіпсіздік, цифрлық технологиялар және инвестициялар

Президент қорғаныс өнеркәсібі мен қауіпсіздік құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылдың дамып келе жатқанын атап өтті.

«Экономикаға цифрлық технологияларды енгізудің стратегиялық маңызы бар. Осы салада бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар исламдық қаржыландыру саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

«Астана халықаралық қаржы орталығында халал қаржыны дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Бұл мүмкіндіктерді Пәкістанның қаржы институттары тиімді пайдалана алады», – деді Президент.

Инвестициялық ынтымақтастық аясында «Самұрық-Қазына» қоры мен «Fauji Foundation» арасында Бірлескен инвестициялық платформа құрылғаны айтылды.

Бизнес-форум, білім және мәдени байланыстар

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Пәкістан бизнес-форумына 250-ден астам компания қатысатынын мәлімдеді.

«Бұл форум өзара сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарға тың серпін береді», – деді ол.

Президент Пәкістан жастары арасында Қазақстанның жоғары оқу орындарына қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті.

«Қазір Қазақстанда мыңнан аса пәкістандық студент білім алуда», – деді Мемлекет басшысы.

Исламабад университеттерінде ашылған әл-Фараби, Сәтпаев және Яссауи орталықтары академиялық ықпалдастықты күшейтпек.

Спорт, мәдениет және халықтар достығы

Президент гуманитарлық бағытқа да тоқталды.

«Бүгін Қазақстан-Пәкістан Достық спорт кешенін аштық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл орталықта қазақтың ұлттық спорт түрлері, шахмат, бокс және аралас жекпе-жек дамытылады. Сонымен қатар тұрақты мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Бейбітшілік және халықаралық күн тәртібі

Келіссөздерде халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері де қозғалды.

«Кез келген жанжал диалог пен дипломатия арқылы шешілуі тиіс. БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормалары сөзсіз сақталуға тиіс», – деді Президент.

Ол Пәкістанның Қазақстан бастамаларын қолдап келе жатқанына ризашылығын білдіріп, БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына бірлесіп қатысу жөніндегі меморандумға қол қойылғанын айтты.

«Жаңа кезең басталды»

Сөз соңында Мемлекет басшысы бүгінгі сапардың маңызын атап өтті.

«Орнатылған стратегиялық серіктестік пен қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің игілігіне қызмет етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Шахбаз Шариф Пәкістан Қазақстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарайтынын айтып,

«Қол қойылған құжаттар екіжақты байланыстарды дамытуға жаңа серпін береді», – деп атап өтті.

Исламабадтағы бұл келіссөздер Қазақстан мен Пәкістанның қарым-қатынасы енді нақты жобалар мен ұзақ мерзімді мақсаттарға негізделетінін көрсетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -